Шынайы достық – ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ел өңірлерінде ашылған «Қоғамдық келісім» үйлерін қазақстандықтардың Достық үйі деп те атайтыны белгілі. Өңірлік ассамблеяларды ашудағы басты мақсат – көпұлтты және көпконфессиялы халқымыздың татулығын, достығын нығайту. Ақмола облысының «Қоғамдық келісім» үйінің директоры Ермек Нұғыманов ассамблея жұмысы мен Алғыс айту күнінің мән-маңызына тоқталды.

Өткен жылы Қазақстан халқы ассамблеясы өзінің 25 жылдығын атап өткені белгілі. Елдегі карантиндік шектеулер мерейтойлық шараларға ғана емес, жалпы жұмыстарыңызға да өзгеріс енгізген болар?

Әрине, өзге мекемелер сияқты жұмыс істеу әлдеқайда күрделі болды. Бірақ біз пандемия кезеңінде жаңа әдістерді меңгердік, іс-шараларды онлайн форматта өткіздік. Өткен жылы ҚХА-ның 25 жылдығы аясында өткен жылы облыста 200-ден астам түрлі іс-шаралар өткізілді. Оларды ұйымдастыруға ассамблеяның этномәдени бірлестіктері, қоғамдық келісім кеңестері, жастар бірлестіктері қатысты.

Осы қоғамдық құрылымдар туралы толығырақ айтып берсеңіз...

Ақмола облысында 248 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді, оның 228- і ауылдық округтерде. Олардың құрамында белгілі, танымал тұлғалар: қоғам қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, ҮЕҰ, жастар ұйымдарының, кәсіподақтардың өкілдері бар. Кеңестердің негізгі міндеті – елді мекендердегі әлеуметтік, этносаралық қақтығыстардың алдын алу, жергілікті атқарушы билік органдарымен өзара іс-қимыл тетігін жетілдіру.

Аналар кеңесі отбасы институтын дамытумен, отбасылық құндылықтарды, үздік ұлттық дәстүрлерді насихаттаумен, қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырумен айналысады. Облыста осындай 104 кеңес жұмыс істейді. 2020 жылы олар 184 іс-шара өткізіп, «Мың алғыс», «Жақсылық жаса», «Мейірімділік», «Мектепке жол», «Біз біргеміз» қайырымдылық акцияларын ұйымдастырды. Сондай-ақ, кеңестер тұрғын үй және тұрмыстық салалардағы мәселелерді шешуге көмектеседі. Өткен жылы азаматтардың 136 мәселесі шешімін тапты. Жақында медиация кабинеті жұмысын бастады. «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы өз қатарына 250-ге жуық жасты біріктірді. Олар – жастар клубтары, облыстық ЭКО, студенттік, мектеп ассамблеяларының, ҚХАА еріктілер қозғалысы орталығының мүшелері. Өткен жылы жастар бірлестігі жоғары оқу орындары арасында Студенттік ассамблеялар фестивалін, облыс орталығының жоғары оқу орындары мен колледждері түлектеріне арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Карантиндік шектеулер волонтерлік қызметке қажеттілікті бірнеше есе күшейтті. Халықтың аз қамтылған, әлеуметтік әлсіз топтарына 27 миллион теңгенің көмегі көрсетілді.

ҚХА қызметінің басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейтуге ықпал ету болып табылады. Бұл мақсатта облыстық Достық үйінде не істелуде?

Екі жыл бойы біздің оқу сыныптарымызда облыстық оқу әдістемелік орталығының білікті педагогтары мемлекеттік тілді меңгергісі келетіндерге арнап сабақтар өткізіп келеді. Оларға кем дегенде елуден аса адам келеді. Сабақтар аптасына екі рет, карантин жағдайында қашықтықтан өткізіледі. Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы тиімді жұмыс істеуде. Оның белсенділерінің арасында қазақ тілін еркін меңгерген жастар, Көкшетау колледждері мен жоғары оқу орындарының студенттері бар. Карина Роот, Екатерина Прибылых, Юрий Кочетыгов, Анжелика Соколова, Tea Джолохава, Екатерина Коник Достық үйінің іс-шараларына белсенді қатысады. Орталықтың бастамасымен өзге ұлт жастары арасында «Абай окулары» облыстық онлайн-конкурсы, әлеуметтік желілерде «Мен Абайды оқимын» челленджі, «Рахмет саған, туған жер» интернет-акциясы өткізілді. Осы жылы мерейтойлары атап өтілетін еліміздің көрнекті тұлғаларына арналған іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қандай іс-шаралармен атап өтіледі?

Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, мерекелік іс-шаралардың бірқатары онлайн-форматта өтеді. Іс-шаралардың барлығы патриотизмді, жалпықазақстандық бірегейлікті, біздің басты құндылығымыз – достық пен бірлікті қалыптастыруға және нығайтуға бағытталған. Олардың ішінде «Тәуелсіздік шежіресіндегі Ассамблея рөлі» тақырыбына тікелей онлайн-эфир, «30 игі іс» челленджі, Қазақстанның түрлі этностарының жастары арасында өтетін «Еңселі Елорда – ел мақтанышы» эссе байқауын ерекше атап өткім келеді. «Рухани келісім – халық бірлігіне бастар жол» онлайн-байқауы этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өтеді. Аналар кеңесінің екінші облыстық форумына дайындық басталды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасын іске асыру шеңберінде сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағы мен Аналар кеңесі қазақ халқының тарихын, мәдениетін, дәстүрлерін танымал етуге бағытталған жаңа жобаны іске қосты.

Алғыс айту күні елімізде бесінші жыл өткізіліп отыр. Бұл мерекенің қазақстандықтар үшін мән-маңызы қандай?

Бұл күні барлық этностар туған жерлерінен алыста, баспанасыз қалған қиын кезеңде қазақ халқының көрсеткен көмегін еске алады. Олар аймақтың, елдің дамуына қатысқаны үшін алғыс айтады. Ата-бабаларымыздан достық пен келісім бұйырды, осы құндылықтарды мұқият сақтап, ұрпаққа үлгі ету керек. Әкем ата-анасынан ерте айрылып, балалар үйінде тәрбиеленген. Бір оқиға есімде қалыпты. Бірде біздің үйге бейтаныс орыс жігіт келіп, өзін Павел Дорофеев деп таныстырып, былай деді: «Біздің әкелеріміз тамыр. Сол достығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, жоғалтпауымыз керек». Содан бері біз отбасымызбен араласып, қиын сәтте бір-бірімізге көмектесіп келеміз. Әрбір қазақстандық отбасында осындай тамыр – достар бар екеніне сенімдімін. Шынайы достық – ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. Біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүре аламыз, бұған балаларымыз бен немерелерімізді де тәрбиелеуіміз керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы