«Шынайы бауырластыққа негізделген достық пен туыстық дипломатиясы» халықаралық конференциясы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толуына орай «Шынайы бауырластыққа негізделген достық пен туыстық дипломатиясы» атты халықаралық конференция өтті.

Бұл туралы Ақпара және қоғам даму министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

Шараға Қазақстан Республикасы тарапынан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Т.Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ш.Мұқан, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары Е.Үйсімбаев және жергілікті атқарушы органдардың, оңтүстік өңірдің жұртшылығы мен шығармашылық интеллигенциясы өкілдері, білім беру саласының қызметкерлері қатысты.

Өзбек делегациясының атынан Министрлер Кабинеті жанындағы Этносаралық қатынастар және шет елдермен достық байланыс комитеті төрағасының кеңесшісі З.Ахмедов, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдері, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ, білім беру саласының қызметкерлері қатысты.

Конференцияны ашқан Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ш.Мұқан екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша өңірдің жұмыстарына тоқталып, өзбек әріптестермен өзара іс-қимылды жандандыру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу туралы айтып өтті.

ҚХА төрағасының орынбасары Т.Кәрімов осындай кездесулердің екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бауырлас елдердің экономикалық, мәдени байланыстарын нығайтуға үлес қосатынына сенім білдіріп, шетелдік қонақтарды елдегі конституциялық реформалар туралы хабардар етті.

Өз кезегінде, өзбек делегациясының жетекшісі З.Ахмедов Өзбекстан Республикасы мемлекеттік органдарының екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту саласындағы жұмыстарының басым бағыттары және шетелдегі отандастармен жүргізілетін жұмыс туралы айтты.

Жалпы, кездесуде сөз алғандар халықтар арасындағы бауырластық пен бірліктің көпғасырлық тарихын, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларындағы, білім беру, гуманитарлық жобалардағы жемісті ынтымақтастықты тілге тиек етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы