Шымкенттің қоғамдық көлік саласында қандай оң өзгерістер болады?
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласының қоғамдық көлік саласында оң өзгерістер алдағы сәуір айында енгізілмек. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018 жылы халық саны 1 миллион адамнан асып, республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болған Шымкент қаласын дамыту жөніндегі іс-шаралар қатарына жататын қоғамдық көлік саласында болатын жаңалықтарды қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов айтып берді.
Ержан Жақсылықұлы, Шымкенттегі автобус жүргізушілерінің жұмысын бақылауды жетілдіру, яғни жылдамдықты асырмау, сыпайы қатынасу, дөрекі сөйлемеу бойынша қандай жұмыстар жоспарланған?
– Осы мәселе бойынша бөлім құрамыз. Алдағы сәуір не мамырда Диспетчерлік қызмет орталығында ашылады. Басты мақсаты – жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетін арттыру. Түрлі оқу орындарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. 3 күн курс оқып, сертификат алады. Жағымсыз жағдай қайталанса, бір рет ескерту береміз. Тағы қайталанса, шара қолданамыз. «Неге жұмыстан шығарып жібермейсіздер?» деп сұрайды. Жүргізушілер де халық қой. Олар да нанын тауып, бала-шағасын асырауы керек. Бұл жұмысқа маман тапшы. Жүргізушілерді әрбір әрекеті үшін жұмыстан шығара берсек, автобустар жүргізушісіз қалады. Мамандарды сақтап қалу қажет. Сондықтан да ең алдымен ескерту береміз.
– Жолаушылар автобустың қайда келе жатқанын көріп отыратын мобайл қосымша қашан қолданысқа енеді?
– Бұл жоспарда бар. Бұған дейін TOLEM компаниясы бізге ұсынған. Тексеруден өткізіп жатырмыз. Бұйыртса, мобайл қосымша сәуір айында халыққа пайдалануға беріледі. Әр адам үйінен шықпай-ақ автобустарының қайда келе жатқанын сол мобайл қосымшадан көріп отырады. Жолақыны QR-код арқылы төлеу де де сәуірден басталады.
– Бұған дейін «Қалаға газбен жүретін 440 жаңа автобус әкелінеді» деп айтқан едіңіз. Жаңа автобустар қашан жолға шығады?
– Иә, автобустар келіп қойды. Қазір базада тұр. Газбен жүретін автобустар болған соң газ құю стансасы салынып жатыр. Наурызда құрылысы аяқталады. Автобустар да сәуірде жолға шығады. Сол автобустар пайдалануға берілгенде қоғамдық көлік саласындағы көптеген мәселе шешімін табады. Автобустардың интервал ұзақтығы, сыйымдылығының аз болуы, тазалығы да сол кезде шешілмек. Қолданып келе жатқанына 3 жылдан аспаған автобустар 85%-ды құрайды. Бұл – үлкен көрсеткіш.
– Жаңа автобустар қай бағыттарға жүреді? Шалғай елдімекендерге қатынай ма?
– Жаңа 440 автобусқа 7 компания өтінім берді. Олардың барлық құжаты сай келіп жатса, конкурстан өтеді және автобустар сол компанияларға беріледі. Ал шалғай елдімекендерге келсек, жалпы қаламызда 33 елдімекен бар. Сонда тұратын халық та қалаға қиындықсыз қатынауы қажет. Біз бұл мәселені де басты назарға алдық. Шалғай елдімекендердегі халық қалаға қатынауы үшін 6 ХАБ-ты анықтадық. ХАБ дегеніміз – қаладағы халық көп шоғырланатын жер. Мысалы, базарлар, автобекеттер және ірі орталықтар. Адамдар сол жерге жетсе, ары қарай діттеген орындарына бара алады. Бұған дейін бір автобус бірнеше орталыққа қатынаса, енді олардың жүру аймағын қысқартамыз. Автобустар жолаушыны бір нүктеге ғана жеткізе алады. Демек, шалғай елдімекендегі халық бір ХАБ-қа жетіп алады. Егер басқа да жаққа барғысы келсе, радиалды, кварталды, магистралды автобустарға отырады. Радиалды автобустар дегеніміз – қаланы домалақ шеңберде айналып жүретін қоғамдық көліктер. Ал магистралды автобустар тіке жүреді. Кварталды автобустар шағынаудандарға қатынайды.
– Қазіргі таңда 19 тасымалдаушы компания жұмыс істейді. Тасымалдаушы компания көп болғаны қиын емес пе?
– Әрине қиын. Бұған дейін 27 компания болған. Нарыққа сай келмейтіндері өзі-ақ шығып кете береді. Қазір қызмет көрсетіп жатқан 19 тасымалдаушы компания бар. Жұмысын жақсы көрсеткені 2-3 ғана. Қалғанының – көбі жекеменшік компаниялар. Интервалдарды сақтамайтын да осы жеке автобус компаниялары екен. Мен осы уақытқа дейін сондай жекеменшік компаниялардың біразын қарадым, тексердім. Сөйтсем олар халық жұмысқа шығатын және үйлеріне қайтатын уақытта ғана автобусты жиі жүргізіп, қалған кезде автобус интервалын сақтамайды екен. Екі автобустың арасы ұзақ болады. Сондықтан барлық қоғамдық көлікке шағым айтылады.
– Тасымал бағытына шығатын шағын көліктер, мәселен «газель» көліктердің мәселесі не болмақ? Жаңа автобустар әкелінсе, олар да жолаушылар тасымалдауын жалғастыра ма?
– Жаңа автобустар келген кезде сол «газелдерді» ауыстырамыз. Қазіргі таңда қаламызда 130-140 шақты «газель» қатынап жүр. Барлығы да жекеменшік. Сондай-ақ оның барлығы бірдей сол компанияға тиесілі емес. Жан-жақтан жинап алған. Барлығын газбен жүретін жаңа автобустармен ауыстырамыз. Бұл да сәуір айына жоспарланып отыр. «Сәуірде қоғамдық көлікке қатысты мәселенің 100%-ы шешімін табады» деп айта алмаймын, бірақ «80-90%-ы шешіледі» деп нақты айтамын.
– Қоғамдық көліктер жолда кептеліске түсіп, тұрып қалады. Алматыдағыдай автобус жолағын жасау жоспары бар ма?
– Иә, әрине. Бұл өте тиімді болар еді. Біз 10 көшені жоспарлағанбыз. «Биыл 2-3 көшесін жасап көрсек пе» деп отырмыз. Республика даңғылы, Тәуке хан даңғылы мен Тұрар Рысқұлов көшесінің «Гиперхаус» сауда үйінен ары қарай бөлігіне автобус жолағын салу ойымыз бар. Бұйыртса, күн жылығанда жолақ сызып тексеріп көреміз. Сондай-ақ бұл жолақпен автобустар ғана емес, жедел жәрдем көлігі де, полиция және өрт сөндіруші көліктері де жүре алады. Яғни халыққа нағыз қажет көліктер. Көздеген жеріне кептеліссіз тез жетеді.
– Кондукторлар мәселесіне көшейікші. Олар автобуста қашанға дейін жұмыс істейді? Жүргізушілерде берілетін күндік жоспар қашан алынады?
– Мұның барлығы – тасымалдаушы компанияның құзырында. Олар «Кондуктормен жұмыс істеу тиімді» десе, онда кондукторларды жұмыстан шығармайды. Кондукторсыз жұмыс істеу ыңғайлы болса, мұны да өздері шешеді. Менің ойымша, кондукторлар бүгін-ертең жұмыссыз қалмайды, өйткені жолаушының бәрі бірдей картамен төлемейді. Әлі де қолма-қол төлейтін адамдар баршылық. Студенттер мен оқушылар әлі де карта ала алмай жүр. Оларға қолма-қол төлеген ыңғайлы болып тұр. Сондықтан карта алуға асықпай жатыр. Мұндай жағдайда кондуктор болмаса, тегін жүретін «қояндар» көбейіп кетуі мүмкін ғой. Әзірге кез келген компанияға кондуктормен жұмыс жасаған дұрыс болып тұр. Барлық жолаушы карта арқылы жол ақысын төлеуге дағдыланғанда ғана олар жұмыстан шығуы мүмкін.
Күндік жоспарға келетін болсақ, бұл да тасымалдаушы компанияның қолында. Мәселен, «Shymkent bus» компаниясында күндік план жоқ. Олар тек «чек» таратқан цифр бойынша ақша өткізеді. Әзірге мұндай мүмкіндік осы компанияның жүргізушілері мен кондукторларында ғана болып отыр.
– Осы «чек» бермеген кондукторға қандай шара қолданылады?
– Жалпы мұндай жағдайлар анықталып жатыр. Яғни, қолма-қол төлеген жолаушыға чек бермеу, қолданылған чектерді тарату байқалады. Егер билет тартылмаған жағдайда 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қазіргі таңда 100-ден аса адам айыппұл төледі. Егер осындай жағдайдың куәсі болса, оны фото, видеоға түсіріп жібереді. Бұл үшін мониторинг жасайтын бақылаушылар жұмыс істейді. Сол жерде 25 қызметкер бар. Болашақта олардың да санын көбейтеміз. 100 адамға сұраныс бергенбіз. Сапаның да өсері анық. Мұны да сәуір айына жоспарладық. «Егер жолаушыда карта болмаса, ол да жауапкершілікке тартылады». Заңға сәйкес, жолаушы өзі барып төлемегені үшін 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
– «Төлем» картасымен төлейтін жолаушылар саны артты ма?
– Халық электронды төлемге үйренді. Көбі: «бұл керек емес, істемейді, не керегі бар» деп айтып жататын. Міне уақыт өте келе «Төлеммен» жолақысын төлейтіндер саны артып отыр. Жақында біз күтпеген рекорд болды. TOLEM жүйесінде 202 331 рет төлем жасалды. Атап айтқанда: 150 169 транзакция картамен жасалса, 50 160 транзакция қолма-қол жасалынған төлем, 1552 жолақысын sms код жіберу арқылы төленген. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Мұндай көрсеткішті жыл соңына дейін жоспарлаған едік, бірақ уақытанан бұрын орындалды. Жыл соңына дейін 300 000-ға жеткізебекпіз. Мұның бәрі кондукторлардың чек таратпағанына салынған айыппұл мен карта болмаған жағдайда 100 теңге төлеудің әсері шығар. Кез-келген адамға қолма-қол 100 теңге төлегенге қарағанда, картамен 70 теңге төлеген тиімді. Сондықта картамен төлейтіндердің саны артып жатыр. Студенттер мен оқушылардың карта арқылы жолақысын төлеуі әлі де аз. Олар баяғыдай студенттер - 50 теңге, ал оқушылар – 35 теңге төлеп жүр. Сондықтан картаның қажеті болмай тұр. 1 сәуірден бірінен бастап олар да қолма-қол 100 теңге төлеуге міндеттеледі. Мұны барлық желіде жариялап жатырмыз. Сайып келгенде болашақта автобустар кондукторсыз жүруге, ал адамдар жолақысын картамен төлеуге бейімделеді.