Шымкенттің бір ауданда 41 спорт алаңшасы салынды
Әл-Фараби ауданы аумағындағы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және балалардың салауатты өмір салтын ұстануына барлық жағдай қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қаланың орталығында орналасқан ауданда 235 мыңға жуық халық тұрады. Аудан аумағында 926 көпқабатты тұрғын үй 623 аулаға біріктірілген, 16 633 жеке үй бар.
Аудан әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, ауданда халық 105 ашық спорт алаңшасының игілігін көріп отыр. Соның 41-і соңғы 3 жылда салынған.
Жыл басынан бері 24 балалар ойын алаңшасының жұмыстары тәмамдалып, ел игілігіне пайдалануға беруге дайын.
Шымкенті әкімі Ғабит Сыздықбеков Володарский көшесі №2А тұрғын үйінің ауласына барып, тұрғындармен кездесті. Су жаңа спорт алаңшасы салынғалы тұрғындардың да көңіл-күйлері көтеріңкі.
Мегаполис басшысы жергілікті халықпен жүздесу барысында спорт алаңшаларын күтіп ұстауға кеңес беріп, бұл нысан елдің ортақ игілігі екенін атап өтті. Спорт алаңшалары сапаға сәйкес заманауи үлгіде, балалардың шаттана ойын ойнауына қолайлы етіп жасалған.