Шымкенттік жастар Халық қаһарманы Қайрат Үмбетовпен кездесті
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент жастары «Халық қаһарманы» атанған Қайрат Үмбетовпен кездесті. Аталған кездесу 2019 жыл – Жастар жылына арналған «Қазақстандық жол – жастар көзімен» атты бір күндік іс-шара барысында ұйымдастырылды.
Жастар ресурстық орталығында өткен іс-шара барысында Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастамасымен жас мамандар мен олардың тәлімгерлерінің слеті болды. Осы слетке ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан «Халық қаһарманы» атағын алған полковник Қайрат Үмбетов те қатысты. Ол 2016 жылы сәуірде Қарағанды облысындағы әскери жаттығу кезінде қатардағы сарбаздың өмірін құтқарып қалды. Дәлірегі, оқу-жаттығу орталығында жедел қызметтің жеке құрамы граната лақтыруға жаттығады. Сондағы әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаз Абзал Сұлтанқұлов гранатаны абайсызда өте жақын қашықтыққа лақтырады. Мұны көрген № 6505 әскери бөлімінің бастығы Қайрат Үмбетов Абзал Сұлтанқұловтың жанына жүгіріп жетіп, оны өз денесімен қалқалап, жас сарбазды өлімнен аман алып қалды.
Жастармен кездесуде Қайрат Үмбетов оларға әскери өмірдің оқиғаларын айтып берді.
«Біздің ерлігімізден жастар үлгі алса сол куаныш. Ең бастысы – елімізде тыныштық болғай. Бүгінгідей кездесулердің маңызы зор», - деді Халық қаһарманы.
Қайрат Үмбетовпен кездесуге келген жас көрерменнің бірі Жансерік Жұманов
мұндай кездесудің жастар үшін үлкен мотивация, стимул беретінін айтады.
«Жастар ол кісінің абыройына жетуге ұмтылады. Осылайша Қайрат Үмбетов жастардың тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізеді. Мен де бұл кездесуден үлкен әсер алдым», - дейді ол.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызмет бабында көрсеткен ерлік істері туралы видео көрсетті.
«Бүгінгі шараның мақсаты – «Халық қаһармандарының» еңбегін дәріптеу. Жас полиция қызметкерін тәрбиелеп, отансүйгіш, батырлықты бойына сіңіру шарасы өтіп жатыр. Қазіргі таңда 3 қаһарманымыз бар. Азаматтарды судан, өрттен құтқарып қалған батырларымыз бар. Ерекше атап өтетіні, 2016 жылы Елбасының қолынан «Халық қаһарманы» атағын алған Қайрат Үмбетов мырза келіп отыр. Жалпы күнделікті қауырт қызмет бабынан тыс осындай тәрбиелік мәні бар іс-шараларды жиі қолға аламыз», - дейді Шымкент қаласы полиция департаменті кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Ғалым Садықов.
Осылайша «Қазақстандық жол – жастар көзімен» бір күндік іс-шарасының алғашқы бөлігі аяқталды. Түстен кейін «Әлемнің үздік ЖОО-ына қалай түсуге болады?» тақырыбында кездесу өтті. Спикерлер сапында Тоқтар Әлімбеков, Аят Әзімов, Ерасыл Төлебай, Мартин Соуст сынды кәсіпкерлер және Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары болды. Олар АҚШ, Германия және Ұлыбританиядағы үздік оқу орындарына түсу үшін IELTS,TOEFL, Extracurriculars емтихандарын тапсыру жайында айтып берді.
Іс-шараның үшінші бөлімінде Ақтөбе қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Жандос Табылғанов қала жастарымен кездесті. Мұнда көшбасшылық қабілетті қалыптастыру, бәсекеге қабілеттілік жөнінде сұқбат жасады.
Іс-шараға барлығы 600-ге жуық шымкенттік жас қатысты.