Шымкенттік Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты
2023 жылдың 14 қаңтарында Ұлттық ұланның Шымкент қаласында орналасқан 6506 әскери бөлімінде шақырылымы 2-2022 жылғы жас сарбаздардың Ант қабылдауы рәсіміне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
6506 әскери бөлімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өткен жылдың желтоқсан айында өз жұмысын бастаған әскери бөлімнің оқу пунктінде күзгі шақырылым бойынша 400-ден аса жас жауынгер алғашқы әскери дайындықтан өткен болатын.
Еліміздің 11 аймағынан шақырылған сарбаздар 1 айдан аса уақыт оқу пунктінде әскери қызметтің теориялық негізін үйренді. Енді әскери рәсім бойынша Отан қорғауға салтанатты түрде ант беріп, толық құқылы нағыз әскери қызметші болды. Аталған шараға әскери бөлімнің құрметті ардагерлері, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Әміреев Талапкер Қыдырұлы, «Аналар жүрегі» республикалық сарбаздар аналары қоғамдық бірлестігінің өкілі Муминова Шарифа Ахметжановна қатысып, ант қабылдаған сарбаздарымызға өз құттықтауларын арнады.
Алыс-жақыннан келген сарбаздарымыздың ата-аналары мен жақын-туыстары үшін ерекше қуаныш болды, өйткені олар ұлдарының ер жетіп, қару алып,өз Отанының батыл қорғаушысы болуға ант берген тарихи күннің куәсі болды.
Бүгін біздің әскери бөлім жауынгерлері үшін тарихи күн. Қатарымыз жас сарбаздармен толығуда. «Әскер – елдің болашағы, елдің қорғаны» дегендей, біздің Отанымызбен, еліміздің тыныштығын қорғайтын мына сіздер! Әскери ант жауынгерлердің Отанын қорғаудағы өзінің әскери борышына адалдығын білдіретін серт. Осы дәстүрді бүгінгі әскери ант қабылдаушы жас сарбаздарымыз әрі қарай жалғастыратынына сенімдімін. «Елім деп еңіреп туған ерлердің ерлігі мен еңбегі еш уақытта елеусіз қалмайтыны анық. Осындай атаққа жетіп, ел тарихында аттарың қалатын батыр ұл болуларыңа тілектеспін, - деді бөлім командирі полковник Бауыржан Қабылбеков өз құттықтауында. Салтанатты шара соңында ата-аналар бөлім басшылығынан өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алып, көңілді тарқасты.
Өз кезегінде біз де қатарымызға қосылған жауынгерлерімізді ант қабылдауымен құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тілейміз!