Шымкенттік құтқарушылар мен еріктілер бірікті
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте еріктілер құтқарушыларға көмектесіп, қала қауіпсіздігін жақсартуға атсалысып жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Дағдарыс орталығында өткен төтеншеліктер мен еріктілердің кездесуінде мəлім болды.
Аталған орталықтағы кездесу Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Бекболатұлы Дербисовтің төрағалық етуімен өтті. Нұрболат Дербисовтің айтуынша, құтқарушылар мен еріктілердің бірігіп жұмыс істеуі бұрнағы жылдардан бері жалғасып келеді.
Өткен 2019 жылы қаладағы еріктілермен бірқатар іс-шараларды өткіздік. Олар қала тұрғындарының қауіпсіздік мəдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша елеулі үлес қосты. Сол жұмыс биыл да жалғасып тауып отыр. Атап айтқанда, 2020 жылдың басынан "Jas Otan" жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының еріктілері департамент қызметкерлерімен бірігіп, "Қауіпсіздік қала" акциясын жүргізіп келеді. Бұл іс-шара барысында қала аумағында ашық люктердің бар жоғы, газ дабылқаққыштардың жағдайына мониторинг жасалды. Қалада барлығы 385 люк тексерілді. Соның ішінде екі люктің қақпағы толық жабылмағаны, тағы екі люктің қақпағы жоқ екені анықталды. Ал қаладағы аз қамтылған 20 мың отбасына газ дабылқаққыштарын сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, - деді Нұрболат Дербисов.
Кездесуге "Nur Otan" партиясы жанындағы "Jas Otan" жастар қанаты Шымкент қалалық филиалының төрағасы Арман Найманбайұлы Алибеков, "Jas Otan" жастар қанатының еріктілері, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма, бөлім басшылары жəне жеке құрамы қатысты.
Қазақстанда еріктілер қозғалысы дамудың жаңа кезеңіне түсіп отыр. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды - "Волонтер жылы" деп жариялады. Жаңа "Волонтер жылы" барша жастарға ерекше серпін береді. Қаламызды республика бойынша ең қауіпсіз қалалардың қатарына қосуға бірлесіп атқаратын іс-шаралар жоспары жүзеге асады,-деді Арман Алибеков.
Сондай-ақ, кездесу соңында өткен жылдың қорытындысы бойынша ең белсенді еріктілер Алғыс хаттармен марапатталып, департамент тарапынан дайындалған арнайы логотипі бар футболкалар табысталды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы