Шымкенттік студенттер: 20 сағат жұмысқа - 20 мың теңге

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жыл – Волонтерлер жылына Шымкент қаласының жоғары оқу орындары белсене қатысады. Бұл туралы Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығында өткен брифингте мəлім болды.

Шымкент қалалық "Жастар ресурстық орталығы" КММ директорының орынбасары Жани Қамбардың айтуынша, Шымкент қаласында орналасқан жоғары оқу орындары студенттерінің арасында "Əлеуметтік студенттік кредит" жобасын жүзеге асыруға1635 орын бөлініпті.

- Демек, биылғы Волонтерлер жылында 1635 студент, дəлірегі 1635 волонтер- студент қаржылай стипендия алады, сонымен қатар кредит сабақтары азаяды. Аталған жоба ҚР Білім жəне ғылым министрлігі мен ҚР Ақпарат жəне қоғамдық даму министрлігінің арасындағы ынтымақтастық меморандумы шеңберінде орындалады. Мұндағы ерекшелік сол, университет студенттері волонтер ретінде  қоғамдық жұмыспен айналысқаны үшін ақшалай сыйақы алып, сол қоғамдық жұмысының нəтижесі ретінде академиялық кредиттері қайта есептеледі. Мысалы, күндізгі нысанда оқитын студент 20 сағат қоғамдық жұмыспен айналысса, онда оған 20 мың теңге төленеді. Сонымен қатар, 50 сағат қоғамдық қызметіне 50 мың теңге шамасына дейін əлеуметтік студенттік кредит ұсынады,-дейді Жани Қамбар.

Мұнда студенттерге сабақтан бос уақытында волонтер ретінде ұсынылатын жұмыс түрлері мынадай болып отыр: олар балалар үйлеріне, қарттар үйіне, білім беру жəне тағы басқа да əлеуметтік мекемелерге барып, сондағы жұмыс барысына көмек етеді.

- Біз ерікті болуға ұмтылатын, волонтер болғысы келетін жастарға жол көрсетеміз. Олар Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығына келсе, біздің мамандар кеңес беріп, сұрақтарына жауап тауып, не істеу керегін үйретеді, - дейді Жани Қамбар.

Сондай-ақ, "ерікті боламын" деген жастар волонтерлердің бірығай платформасына тіркеледі. Бұл үшін Qazvolunteer.kz сайтына өтіп, анкета толтырады. Сол сайттағы тіркелген ұйымдардың біріне барып, кредит сағаттарын өтеуіне болады екен.

- Осы платформада Шымкент қаласынан 700-ден астам жас жəне 60-қа жуық ұйым тіркелді. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта тағы өседі. Мұнда айта кетерлігі – ерікті жастар өздері қолғабыс еткен күндеріндегі əрекетін фотовидеоға түсіріп, есеп тапсырады. Ақшалай сыйақы өз жұмысы туралы есеп тапсырған волонтерлерге беріледі, - дейді Жани Қамбар.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы