Жалақым 30% өсті – шымкенттік медбике
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 1 маусымнан бастап бюджет қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Қазір осы салада еңбек етіп жатқан жандар «көтерілген» жалақыларын алып, қуанып жатыр.
Шымкент қалалық №5 емханасының аға медбикесі Райхан Көмекованың айлығы 30% өскен.
«2016 жылдың 5 қаңтарынан бастап осы емханада жұмыс істеп жатырмын. Бұған дейін учаскелік медбике болдым. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бюджеттік қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Өте қуаныштымыз. Біздің жалақымыздың ұлғайғаны өзімізге стимул болады. Қай жерде істесең де, жалақың жоғары болғанын қалайсың. Жұмыста әріптестер арасында барлығымыз бір-бірімізге айтып, мәз болып жатырмыз. Менің айлығым 30% өсті. Отбасылы болған соң айлығымызды отбасымызға жұмсаймыз. 3 балам бар. Үлкенім медициналық университеттің резидентурасында оқып жатыр. Екінші ұлым мұнай-газ саласында еңбек етеді. Кенже балам мұғалім болуға дайындалып, университетте білім алуда», - деп бөлісті қуанышты жаңалығымен Райхан Көмекова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанның Тұңғыш президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы жолдауына сәйкес ең төменгі жалақы 1,5 есеге өскен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бұл бағытта қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтты.