Шымкенттік дәрігерлер дағдыларын жетілдірді

Шымкенттік дәрігерлерге  Президент Іс басқармасы жүйесінде оқыту мүмкіндіктері туралы ақпарат айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы мәлімдеді.

Шымкенттегі Президент Іс басқармасы (ПІБ) Медициналық орталығының күндеріне Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының (МТАЖО) мамандары қатысты.

МТАЖО сарапшылары №1 Қалалық клиникалық ауруханада өткен іс-шараның қызметкерлері мен қонақтарына презентация жасады. Спикерлер орталықтың қызметі туралы айтып, ең маңызды жетістіктерді ұсынды, корпоративтік білім беру бағдарламаларындағы трендтер туралы ақпаратты бөлісті, сондай-ақ дәрігерлер мен басқа да бағыт мамандарын МТАЖО-да оқыту мүмкіндіктері туралы айтты.

Орталық 10 жылдан астам уақыт бойы білім беру қызметін жүзеге асырып келеді және Президент Іс басқармасы жүйесінің ведомстволық қарасты ұйымдары қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамытуға және жетілдіруге бағытталған HR-консалтинг бойынша қызметтер көрсетіп келеді. Орталықтың портфелінде онлайн/офлайн форматта жеке және іскерлік құзыреттілікті арттыруға бағытталған 70-тен астам білім беру шешімдері бар, - деді презентация барысында МТАЖО президенті Кази Тілеубеков.

Тренингтер мен семинарлар әкімшілік-басқару персоналын, инженерлік-техникалық қызметкерлерді, HR және IT-мамандарды, медицина қызметкерлерін дамытуға бағытталған.

Әкімшілік-басқару персоналы үшін жыл сайын мемлекеттік сатып алу, қаржы және экономика, еңбек заңнамасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс, заң құқығы, ішкі бақылау және HR салаларын қамтитын семинарлар/тренингтер өткізіледі.

Қазіргі заманғы кәсіби қызмет тек жоғары мамандандырылған білімді ғана емес, сонымен қатар «икемді» дағдыларды (soft skills) – қасиеттерді игеруді талап етеді. Орталық осы бағытта да тренингтер өткізеді.

Оқытудың жекеленген блогы денсаулық сақтау бағыты бойынша әзірленді, онда басшылық пен дәрігерлер үшін жеке және кәсіби құзыреттіліктерді дамыту бойынша, орта және кіші персонал үшін коммуникативтік дағдыларды дамыту бойынша, тіркеуші қызметкерлер, әкімшілер, медициналық мекемелердің call-орталықтары үшін практикалық семинарлар/тренингтер өзекті. Емханалар мен ауруханалар үшін корпоративтік форматта эмоционалды шаршаудың алдын алу, күйзелісті басқару, пациенттермен қақтығыстарды басқару, менеджмент, уақытты басқару, медицинадағы Кайдзен және т.б. бойынша оқыту жүргізіледі,- деп қосты Кази Тілеубеков.

Іс-шараға қатысушылар сарапшыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, орталықта оқу мүмкіндігін талқылады.

Мұндай іс-шаралар Медициналық орталықты дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында еліміздің барлық өңірі бойынша жыл бойы өткізіледі. Ақтөбе облысында алғашқы презентациялар өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы
Өзгелердің жаңалығы