Әбдірахымов Шымкенттегі ірі жобаларды Ашхабадта таныстырды

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Түрікменстан астанасы Ашхабадта Шымкентте жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды таныстырды.

Қала әкімі Ашхабадта өткен ТМД-ға мүше мемлекеттер шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің XIV форумына қатысты. Форум барысында «Достастықтың мәдени астанасы-2020» бағдарламасының тұсаукесері өтті.


Ғабидолла Әбдірахымов Шымкенттің 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы болып жариялануы үлкен мәртебе екенін айрықша айтып өтті. Ол келер жылы Шымкент шаһары ауқымды мәдени бағдарламалар мен кездесулер өтетін алып алаңға айналатынын жеткізді.

Сонымен қатар қала басшысы қала аумағында жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталды.

«Шымкент қаласы əуежайында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы басталды. Жобаның инвестициялық құны 50 миллион АҚШ долларына жетеді. Жаңа терминалдың іске қосылуы нәтижесінде әуежайдағы жолаушылар ағымы 10 есеге артады. Сонымен қатар, қаладағы теміржол вокзалына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына сәйкес күніне 9 мыңға жуық жолаушыны қабылдайды», - деді қала басшысы.


Бұдан бөлек, Шымкентте 3 мың орындық заманауи «Конгресс-орталық» салу мен 20 мың орындық орталық стадионды қайта жаңғырту жоспарланған. 2200 жылдық тарихы бар шаһарда «Ескі қалашық – Цитадельді» қайта жаңарту мен «Қошқар-ата» өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары басталыпты.

«Цитадель» – Шымкенттің бірегей мәдени-тарихи аймағы. Қалпына келтіру жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл нысан тек мегаполистің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жарқын туристік брендіне айналады», - деді әкім.


Қала басшысы 400 гектар аумақта салынып жатқан «Shymkent City» қалашығы туралы айтқан келе, аталған қалашықтың заманауи инфрақұрылымның жоғары халықаралық стандарттарына сай болатынына тоқталды.

Сондай-ақ, Happy land көпфункционалды отбасылық ойын-сауық кешені де бой көтеретінін мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы