Шымкенттегі жантүршігерлік апат: Бензовоз жарылып, жүргізуші қаза тапты
Тілсіз жау 60 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сөндірушілер оқиға орнынан ер адамның денесін тапты.
Шымкентте жол-көлік оқиғасынан кейін бензовоз аударылып, өртеніп кетті. Көлік кабинасынан құтқарушылар қаза тапқан ер адамның денесін тапты. Қайғылы оқиға 18 қарашада Тұран ауданындағы Ташкент тасжолында болған.
Өрт туралы хабар құтқарушыларға сағат 15:58-де түскен. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жоғары шақырту санатымен жіберілді.
Құтқарушылар жеткен кезде бензовоз түгелдей отқа оранған. Жалын төгілген жанармайға да жайылған.
Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде жол-көлік оқиғасы салдарынан аударылған бензовоз отқа оранған еді. Төгілген жанармай да тұтанған. Өрт 60 шаршы метр аумақты шарпыды. Көлік кабинасынан қаза тапқан ер адамның денесі табылды, – деп мәлімдеді Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаменті.
Өрт 60 шаршы метр аумақты шарпыған. Құтқарушылар жалынды толық сөндірді.
Қазір полиция қызметкерлері адам өліміне әкеп соққан жол апатының себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.