Шымкенттегі тамақтану орындары тонометр орнатуы тиіс

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының кіреберістерінде клиенттердің температурасын бақылауға арналған байланыссыз тонометр болуы тиіс. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі хабарлады.

Шымкент қаласында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында 2020 жылдың 28-ші наурызында түнгі сағат 00:00-ден бастап қосымша шектеу шаралары енгізілгені белгілі. Осы орайда, барлық мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық тамақтану орындарының қызметі сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін шектелді. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты, Шымкент қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының кіреберістерінде клиенттердің температурасын бақылауға арналған байланыссыз тонометр болуы тиіс. Бұл қоғамдық орындардың қатарында кафе, мейрамхана, қонақүйлерде орналасқан тамақтану орындары, көше бойындағы фаст-фуд, кафейня, балмұздақ, құйылмалы алькогольді және алькогольсіз сусындар сату орталықтары және т.б. ғимараттар бар. Егер аталған нысандарда санитарлық нормалардың талаптары орындалмаған жағдайда қатаң шара қолданылып, қызметіне шектеу қойылатынын хабарлаймыз, - делінген әкімдік таратқан мәлімдемеде.

Сонымен қатар қала әкімдігі тұрғындарға өз үй-жайынан мүмкіндігінше шықпауды өтінді.
Азық-түлік немесе дәрі-дәрмек алу сынды аса қажеттілік болмаса, сауда орындары мен базарларға, саябақтарға, ойын алаңшаларына баруды және туған-туыстардың, дос-жарандардың үйлеріне қыдыруды уақытша доғаруды сұраймыз. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей індеттің адамдар жиналатын ортада тез таралатынын ескеріп, тиісті органдар тарапынан жүргізілген ескертулерге дер кезінде құлақ асуды өтінеміз. Жер-жаһанда коронавирусты жұқтырғандар саны 600 мыңнан асты. Еуропадағы Италияда өткен бір тәулікте індеттен көз жұмғандар саны мыңға жақындады. Бұл деректер өз кезегінде жағдайдың аса ауыр екендігін аңғартып отыр, - делінген әкімдік үндеуінде.

Бүгінде Шымкент қаласы әкімдігі жанынан төтенше жағдай бойынша арнайы штаб құрылған. Әйткенмер қаладағы базарларға жүргізілген мониторинг нәтижесі шымкенттіктердің осы күнге дейін қарапайым қауіпсіздік ережелерін ескермей жүргенін көрсетіп отыр екен.
Сондықтан Сіздерден аса қажеттілік туындамаса, көшеге шықпауды өтініп, далада бетперде киіп, антисептикалық құралдарды қолдануды сұраймыз.
Сіздің қауіпсіздігіңіз – бүкіл елдің қауіпсіздігі, - деп хабарлады Шымкент әкімдігі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы