Шымкенттегі талапкердің мәселесі оң шешілді

Мектеп түлегі Тастан Жасмин Қуанышқызы мемлекеттік білім грантының конкурсына қатысу үшін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне құжат тапсырған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қабылдау комиссиясының маманы ҰБТ сертификаттарын таңдау кезінде техникалық қателік жіберіп алған. Осыдан кейін грант иегерлерінің тізімі жарияланғанда баласының оқуға түспегенін білген ата-ана аталған оқу орнының басшылығына, министрлікке арызданды.

Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері бүгін бұл мәселені назарға алып, шұғыл шешім қабылдады. Министрдің кеңесшісі түлектің ата-анасымен сөйлесіп, кеткен қателік үшін министр мен министрліктің атынан кешірім сұрады. Тез арада техникалық қателік түзетіліп, талапкер Тастан Жасмин Қуанышқызы үшін Сүлеймен Демирел атындағы универиситетке грант бөлінетін болды. Сондай-ақ, ол жатақханамен қамтылады.

Ал, құжат қабылдауда қателік жіберген М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті қабылдау комиссиясының маманына «сөгіс» берілді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек аппарат басшыларына және Жоғарғы оқу орындары ректорларына талапкерлердің құжаттарын қабылдау барысында мұқият болуды ескертті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы