Шымкенттегі шеруде ешқандай тәртіп бұзушылық болмады – полиция бастығы

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте Арыс қаласы тұрғындарының шеруінде ешқандай да тәртіп бұзушылық болмады. Жарақат алғандар жоқ. Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов мәлімдеді.


Бүгін Шымкенттегі Темірлан тасжолының бойында «Ақмешіт» мешітінен Арыс тұрғындарының қатысуымен басталған шеру Әл-Фараби атындағы Орталық алаңда жетіп, тарқады. Шеруді полиция қызметкерлері сүйемелдеп, алаңдағы жиналған жұртты айнала қоршап түрды. Шеруге қатысушылар тарқағаннан кейін Шымкент ПД департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов оқиғаға баға берді.

"Қоғамдық қауіпсіздікті қорғау – біздің жұмысымыз. Халық тынышталғанша жүреміз. Бүгін халық шеру ұйымдастырды. Ешқандай тәртіп бұзылмады. Жарақат алған ешкім жоқ. Ешкім ешкімге тиіспеді. Ешкім ешкімді ұрған жоқ. Ешқандай тәртіп бұзылмады. Бүгінгі шеру жағдайы осы күйінше қалады. Біреу-міреуді тұтқындайтын болсақ, қазір-ақ істейтін едік. Өз халқымыз, өз адамдарымыз. Біз де оларды түсінеміз. Олар да қиналып жүр. Олармен сөйлестік. Олар шерумен жүріп өтетіндерін, ешқандай тәртіп бұзбайтындарын айтты. Біз арттарынан қарап жүрдік. Қоғамдық тәртіп бұзылмады. Ешқандай құқық бұзушылық болмады. Ол жігіттерге де рахмет. Түсіністікпен қарадық. Біз ортақ тіл табыстық", - деді Ералы Жұмаханбетов.

Оның айтуынша, шеру кезінде 200-250 полиция қызметкері жүрді. Басқа жақтан қосымша күш тартылмапты. Барлығы да Шымкент полиция департаментінің қызметкерлері екен.


"Біз қоғамдық тәртіпті қорғадық. Тек өз департаментіміздің адамдары жүрді. Әлеуметтік желілерде таралып жатқандай, Тараздан ешқандай қосымша күш тартылмады. Өз полицейлеріміз жүрді", - деді полиция бастығы.

Ол сондай Nur Otan партиясы ғимараты алдында шеруге қатысушылардың ғимаратқа бағыттай зат лақтыру, ту тұғырына міну сынды әрекетке еш баға бермейтінін айтты.


"Ешқандай баға бермеймін. Барлығы қалыпты өтті. Жігіттер келді. Өздері тоқтатып, өздері алып кетті. Ешқандай тәртіп бұзушылық болмады. Қазір Шымкентте жағдай тыныш. Қорқатын дәнеңе жоқ. Ал плакат ұстағандарға ешқандай шара қолданбаймыз. Олар жағдайын айтып, көмек сұрады. Арыс азаматтары «біз жүреміз» деп айтты. «Арандатушылар болуы мүмкін, соған көмектесіңіздер, елді шағыстырып, төбелес ұйымдастыруы мүмкін, соған көмектесеңіздер» деді. Біз келдік. Ешқандай тәртіп бұзылмады. Сосын барлығы жататын жерлеріне қайтты", - деді Ералы Жұмаханбетов.

Бүгін Арыс қаласының тұрғындары Шымкенттегі Темірлан тас жолын бөгеп, наразылық танытқан болатын. Олар Темірлан тас жолы бойындағы Ақмешіт мешітінен бастап, жолды жүріп, Әл Фараби атындағы Орталық алаңға дейін келді. Түс әлеуетінде басталған шеру кешкісін қас қарайғанда тарады. Шеруге шығушылар Арыс қаласына қайта оралудан қорқатындарын, Арыстағы үйлерді жөндеуге, қалпына келтіруге кететін шығынды Шымкент және тағы басқа өңірлерден жер алып, үй салып беруге жұмсауды талап етті.

Айта кетсек, Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Темірлан тас жолын бөгеп, наразылық танытқан Арыс қаласының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында қала басшысы Арыс қаласын қалпына келтіру ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сəйкес Үкіметтің тұрақты назарына алынғандығын мəлімдеді.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, шаһар басшысы барлық тұрғындарға ел болып көмек көрсетіліп жатқандығын жеткізді. Шымкент қаласының тұрғындары да эвакуацияланған азаматтарға барынша қолдау білдіріп, көмек беріп жатқандығын түсіндірді. Қала аумағында 56 эвакуациялық пукттер ашылғандығын, оларда барлығы 39400 азамат тіркелгендігін атап өтті. Эвакуациялық пункттердің барлығына бірінші кезектегі тауарлар мен азық-түлік тауарлары тұрақты жеткізіліп отырғандығына назар аударды.

"Сіздер Шымкенттен үй беруді талап етіп жатсыздар. Бүгінде үй алуға кезек күтіп 130 мың адам тұр, олар мүгедектер мен табысы төмен азаматтар. Оларға мен не деп айтуым керек. Мен сіздерге бермеймін, Арыс тұрғындарына беремін деп пе? Олар да адам... Арыс - бұл жақсы қала, станция. Экономикасы дами береді. Ертеңнен бастап ол жақта ешқайдай әскери қару-жарақ болмайды, барлығын алып кетеді. Жаңа үйлер мен жаңа жолдар салынады", - деген Шымкент қаласының әкімі халықты сабырға шақырды.

Сонымен қатар, ол жолды жабу арқылы Шымкент қаласы аумағынан жер, үй талап ету ешбір заңға сəйкес келмейтінін де айтты.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы