Шымкенттегі "Рухани жаңғыру": атқарылған жұмыстар, биылға жоспарлар

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент – республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие болып, жеке дамуын айқындап алғалы бері қалада руханият саласына қатысты бірқатар жобалар атқарылып жатыр.

2020 жыл – ТМД елдерінің мәдени астанасы жылында жоспарланған іс-шаралар коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілді. Тағы басқа көптеген іс-шара оффлайннан онлайнға өткізілді. Сонымен Шымкентте "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы аясында қандай іс-шаралар атқарылды, алдағы жоспары қандай? Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесінің басшысы Зәуре Оралбаева "Руханият – елдіктің ұстыны" атты онлайн-сұхбатта айтып берді.

Үш бағыт: тұлғаны дамыту, ұлт дамуы және ұлттық бірегейлік

Шымкенттегі "Рухани жаңғыру" бөлімі 2019 жылдың сәуірінде құрылды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан "Рухани Жаңғыру" Қазақстандық қоғамдық даму институты" құрылған. Рухани жаңғыру бағыттағы, ондағы жобалардың сапалы іске асыруылуы іс-шаралардың халықтық сипатқа ие болуының бірден-бір үйлестірушісі және басы-қасында тұратын осы институт болып табылады. Бұл институтпен өңірлердегі "Рухани жаңғыру" бөлімдері тығыз байланыста жұмыс істейді. Күнделікті болмаса да күнара бір-біріміздің жоспарларымызбен алмасып, алға дамуымыздың негізгі ұстанымдарын белгілеп отырамыз. Өздеріңіз білетіндей, "Рухани жаңғыру" бағдарламасының негізгі алты бағыты бар. 2020 жылы мемлекеттік хатшының қойған үлкен тапсырмасына сәйкес, жоспарларымыз алдағы уақытта үш бағытта дамиды,-дейді Зәуре Оралбаева.

Ол осынау үш бағытқа жеке-жеке тоқталды.

- Бұл ретте "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" және "Ұлы Даланың жеті қыры" мақаласының негізінде тұлғаны дамыту дегеніміз, сананың ашықтығы, бәсекеге қабылеттілік, прагматизм сынды жобаларды негізге ала отырып, көп тірлік жасауымыз керек. Қазақстандық кез келген азамат, мейлі ол үлкен болсын, кіші болсын, барлығының санасын жаңғырту арқылы, бүгінгі болып жатқан кез келген өзгеріске, кез келген бастамаға қолдау білдіруге ниет болу керек. Мысалы, көшеде екі адам сөзге келіп жатса, үшінші адам жай ғана өтіп кетпеуі керек. Бәлкім, сол екі адамның бірі жақсы шешім айтып тұрған шығар. Ал екіншісі күрделі жолды таңдап тұрған болар. Еыкі адамды тыңдап, пікіріңізбен бөліссеңіз, сананың жаңғыруы деп осыны да айтсақ болады. Бұл қоғамда өмір сүріп жатқанымыз және осы қоғамның мүшесі болғандықтан рухани тұрғыда, адами тұрғыда бірге екенімізді білдіруіміз керек. Бір сөзбен айтқанда тұлғаны дамыту – адамның қалыптассуына қажетті бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Екінші бағыт: ол – ұлттың дамуы. Ұлттың дамуы дегенге негіз болатын бірден-бір бағыт – ұлттық бірегейлікті сақтау. Үшінші бағыт – мемлекеттің дамуы. Бұл революциялық емес, Қазақстанның эволюциялық даму бағытын яғни мемлекеттік қоғамдастық, азаматтық қоғам институтының тығыз байланысын негізге ала отырып дамуды білдіреді.

Біз "азаматтық қоғам құрамыз" деп осыдан 15 жыл бұрын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын барынша дамыту арқылы азаматтардың әлеуметтік белсенділігін арттыруды көздеген еді. Қазіргі кезде "Рухани жаңғыру" бағдарламасының аясында азаматтық қоғамның барынша дамуы, азаматтық қоғамды жан-жақты дамыту бірден-бір мақсат болып отыр. Азаматтық қоғамы дамыған ортада көптеген түйткілді билікке иек артпай-ақ, азаматтардың өзі шешуіне мүмкіндік болады. Бұл шын мәнінде қол жеткізе алатын мүмкіндік. Елдің тәжірибесінен де байқауға болады,-дейді Зәуре Оралбаева.

"Мәртебелі поэзия мінбері" кездесуі тағы жалғасады

Биыл Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына – 175 жыл. Ғұлама ұстаз Әл-Фарабидің туғанына 1150. Міне, осы мерейтойларға Шымкент қалалық Отбасы, балалар және жастар басқармасы мен Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының қолдауымен ойын-сауық орталықтарында арнайы кітап сөресі ашылды. Ақпан айында Отырар ғылыми-әмбебап кітапханасында "Мәртебелі поэзия мінбері" кездесулері басталды.

Сол мінбердің нағыз жанашырлары, сол мінберлердің негізгі кейіпкерлері Қазақстанның, Шымкенттің, өңіріміздің танымал ақын-жазушыларымызбен керемет кездесулер өтті. Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты сол кездесулер тоқтатылды. Енді карантин режимі аяқталған соң бұл кездесулер жалғасын табады. Жеңіс саябағындағы поэзия мінберінде өткізсек деген жоспарымыз бар. Биылғы тағы бір керемет жаңалық – Шымкентте орналасқан Сақ киностудиясы "Көне құмыраның сыры" атты анимациялық фильмінің екінші бөлімін көрермен назарына ұсынды. Шымкент қаласы әкімдігіінің тапсырысымен түсірілген анимациялық фильм ұлттық арнамыздан, Balapan телеарнасы мен жергілікті 4 телеарнада көрсетілді. Кішкентай балаларға ғана емес үлкен жастағы адамдарға да керемет танымдық фильм болып саналады. Мұның барлығы осы "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жоспарланып, жүзеге асырылып жатқан шаралар. "Қазақтану" бірлестігінің азаматтары да біздің жобалық кеңесеге келіп, керемет жобаларын таныстырып, ұсыныстарын айтты. Мектеп оқушыларымен бірге тарихи орындарға барып, оларды тарихпен таныстырып қана қоймай, ізденіске, зерттеуге бел буатын бірқатар ұсыныстарды қарастырып, ғалымдармен бірге іске асырмақшы болғанбыз. Бұған қоғамдық бірлестіктер де қатысатын болған. Алдағы уақытта міндетті түрде сол жұмысты жалғастыру жоспарымыз бар,-дейді жобалық кеңсе жетекшісі.

"Абай даналағы – халық мұрасы"

2019 жылы Шымкент қалалық Тілдерді дамыту орталығында "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 60-тан астам іс-шара өткізіліпті. Қазақ тілін латын графикасына көшу үдерісіндегі бірқатар өзгерістерді, ондағы проблемаларды ғалымдармен бірге отырып, талқыланыпты. Мұхтар Әуезов атындағы ОҚМУ-да үлкен конференция, тіл жанашырларымен кездесулер болды. Алдағы уақытта бұл жұмыс жалғасады. Себебі, бұл да "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясындағы негізгі жобалардың бірі екен.

- "Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" арнайы жобасы негізінде де студент жастар мен мектеп оқушыларының арасында біраз пікірсайыс өтті. Бүгінгі таңда 100 жаңа оқулықтың 78-і жарық көрген. Бұл кітаптар қаламыздағы барлық кітапханаларда және жоғары оқу орындарының кітапханаларына таратылған. Қазір сол оқулықтармен студенттер, ұстаздар танысып, жұмыс істеп жатыр. Шымкент қалалық Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығымен бірге 2 үлкен іс-шараны жоспарлап отырмыз. Бұл сол орталықтың жоспарлы іс-шарасынан бөлек өтеді. Соның бірі – "Абай даналағы – халық мұрасы" деп аталатын танымдық композициялық кеш. Бұл – жылда өткізіліп, дәстүрге айналып келе жатқан іс-шара. Дегенмен Абай атамыздың туғанына 175 жылдығына орай кең көлемде өткізіледі. Тамыз айына жоспарлап отырмыз. Ешбір арнайы шақырылған әртістер болмайды. Абайтануды негізге алып, мақсат тұтқан бірқатар азаматтар Абайдың қара сөздерін, туындыларын, шығармаларын, өлеңдерінен керемет зерттеулер жасап, соны көпшілік назарына ұсынады.

Содан кейінгі үлкен жоба "Рухани Жаңғыру" Қазақстандық қоғамдық даму институтымен" бірге өткізіледі. Бұл жоба "Үздік практикалар кітабы" деп аталады. Сол кітапқа енген келесі бір жоба – еріктілермен жұмыс. Биыл арнайы құрылған клубтардың негізгі белсенділері еріктілердің қолдауымен және қатысуымен үлкен іс-шара ұйымдастырмақпыз. Бұл да биылғы мерейтойларға байланысты болмақ. Ерікті жастарымыз Жеңістің 75 жылдығына тамаша бастаманы қолға алды. Бұл – ардагерлеріміз туралы тың мәліметтерді жинақтау. Көзі тірі, өмірден өткен ардагерлеріміз туралы деректерді бір арнаға топтастыру. Бізде арнайы іздеумен, із-түзсіз жоғалған боздақтардың тарихын ары қарай зерттеумен айналысатын ұйымның жұмысына көп азаматты шақырып жатыр. Бұған Шымкенттік ерікті жастар үн қосады. Олар бұл жұмысты бастады. Әрмен қарай да жалғасады,-дейді Зәуре Оралбаева.

"Ысырапшылықты үнемшілікпен алмастыру керек"

Сондай-ақ, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының бастамасымен ақпараттық этно-танымдық тамаша іс-шара басталыпты.

Адамдар бір-бірімен қалай сәлемдескені дұрыс деген сауалға жауап іздейміз. Мысалы ресми жиындарда азаматтар қалай сәлемдеседі, тойларда, жиындарда қалай сәлемдеседі деген сияқты сауалдарды ортаға салып, пікір алмасып, танымыдық шараны өткіздік. Бұл жоба да алдағы уақытта жалғасын табады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен Қазақстан дамуының 10 негізгі қағидаттарының ішінде 8-нұсқауында "Рухани жаңғыру" бағдарламалық жобасының сапалы іске асуының халықтық сипатқа ие болуын ерекшелеп айтып берген. Сол ретте бізде дарақылыққа, даңғазалыққа, барынша ысырапшылдыққа жол бермейтін басқа бастамалармен алмастыру арқылы сананы жаңғаруға барынша үлес қосса деген ұсынысы болды. Осы негізде Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығымен бірігіп, 2 жиын өткіздік. Бұл жиында өте жақсы ұсыныстар айтылды. Мұның барлығы қазір арнайы сарапшылық кеңес қарауында жатыр. Жоғарғы оқу орындар және үкіметтік емес ұйымдар арқылы осы іс-шараны жер-жерлерде ары қарай жалғастырсақ деген жоспарымыз бар,-дейді Зәуре Оралбаева.

"Іс-шаралар онлайнға ауысты"

Шымкент қаласының ТМД елдерінің мәдени астанасы аясында ұйымдастырылатын іс-шаралар өте көп болатын. Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы қазір бірқатар іс-шараны онлайн түрде өткізіп жатыр. Өздеріңіз көріп те жүрсіздер. Тіпті онлайын режимде ақындар айтысы дәстүрге айналды. Жастардың жыр оқуы, Абайдың 175 жылдығы мен Әл-Фарабидың 1150 жылдығына орай арнайы челлендждер жалғасып жатыр.

Осындай акцияларға ең бастысы мектеп оқушыларының, жас ұрпақтың ынта-шынтасымен қатысып жатқаны көңіл қуантарлық жағдай болып тұр. Баласы үшін белсенділік танытып жатқан ата-аналарға рахмет. Бұдан біз ұтпасақ ұтылмаймыз. Мектеп оқушыларының жазғы демалысында лагерлерді еріктілермен бірге ұйымдастырсақ деп отырмыз. Алғашында 300-дей баланы қамтысақ дейміз. Ерікті жастар балаларға танымдық тұрғыда олардың әр күнін пайдалы етіп өткізсек деген жоспарымыз бар. Бұған қатысты мамыр айының соңында міндетті түрде хабарландыру болады.

"Шымкенттіктердің қала дамуына қатысуы маңызды"

Биыл "Шымкент – қайырымды қала" балалар шығармашылығының фестивалі жоспарланыпты.

"Міндетті түрде өтеді" деген сенім бар. Осы жылды шымкенттіктер өте үлкен жауапкершілікпен өткізетін жыл. "Шымкент – қайырымды қала" бағытында халықаралық ғылыми практикамыз жоспарланған. Естеріңізде болса, былтыр қоғамдық бірлестіктеріміз және қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйытқы болуымен "Береке басы – бірлік" деген үлкен форум өткен. Сол форумда қала тарихынан бастап, әр тұрғыны қандай болу керек, Шымкент болашақта қалай дамуы керек, деген тағылымды тақырыпта ой қозғағанбыз. Сол үрдісті де ары қарай жалғастырамыз. Жалпы Шымкенттің республикалық деңгейде орны барын ескерсек, үшінші мегаполис ретіндегі дамуымыздың негізгі қағидаттары сол жерде айтылды. Ендігі жерде оларды іске асыру бағытында не істей аламыз, шымкенттіктер оған қалай қатысуы керек деген бағыттарда біз жұмыс істейміз. Сондықтан қала халқынан тек белсенділік күтеміз,-дейді Зәуре Оралбаева.

"Ескі қалашық ашылса, Шымкент туризмін танытпақ"

2020 жылға жоспарланған тағы бір үлкен іс-шара: ол – Ескі қалашықтың пайдалануға берілуі. Шымкентті бұрынғыдан да үлкен туристік алаңға айналдырып, туристік потенциалын, мүмкіндігін барынша дамытып, қалаға шет елдерден немес еліміздің басқа өңірлерінен болсын, ағылып келіп жататын туристердің санын арттыруға бірден-бір негіз болатын жаңалық.

2200 жылдан астам тарихы бар орынның Ашық аспан астындағы музей болатынына сенім мол. Сол Цитаделіміз ашылса, бәрімізді көптеген экскурсиялар күтеді. Халықпен көптеген жақсы тірліктің басында кездесеміз деген тамаша жоспарларымыз көп. Бұдан басқа "Рухани Жаңғыру" бағдарламасының аясында 2004 жылдан бері басталған "Мәдени мұра" бағдарламасының кезінде енген тарихи киелі орындардың тізіміне Шымкенттен ұлттық бағыттағы және республикалық маңызға ие 8 нысан енгізілген болатын. Көне Сайрам жеріндегі бірқатар тарихи орындар. Қалған жетеуі Шымкент аумағындағы орындар. Олар негізінен тарихи сәулеттік маңызға ие көне ескерткіш ғимараттары. Бұл орындар туралы жергілікті телеарналардан бейнероликтер көрсетілді. Былтыр "Рухани Жаңғыру" Қазақстандық қоғамдық даму институты" мен Ақпарат және қоғамдық даму минстрлігі қалалық ішкі саясат дін істері басқармасымен бірігіп, арнайы баннерлер орнатылды. Көршілес, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарының киелі орындары олардың мәліметтерін беруді мақсат тұтып, арнайы бейнероликтерді жергілікті телеарналардан көрсеттік. Өзіміздің жобалық офисімізге де келген азаматтарға танымдық бағыттағы бейне роликтер көпшілік назарына көптеп ұсынылды. Бұл жұртшылықтың көңілінен шықты. Шағын роликтерде аз болса да саз нақты мәліметтер бар.

"Архив қызметкерлерінің тірлігі – орасан"

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қалалық мемлекеттік архивпен бірлескен "Архив – 2025" деген арнайы жоба бар. "Бұл ретте көп жұмысты еңсердік" деп айта алмаймын. Сондықтан архив саласымен істелетін жұмыс өте көп. Архивтерді сөйлетуіміз керек. Міндетті түрде бұл ретте жұмыс істейміз. Осы тұста архив қызметкерлерінің тірліктері орасан екенін айта өткім келеді. Неткен тірліктер жасап жатыр. Ол – көрінбейтін жұмыс. Олардың да еңбегін айтпасақ болмайды. Біз ендігі жерде соны көрсетеміз. Осы тұста үрдіске айналған тағы бір іс-шараны айтып өткім келеді. Ол «Қазақ эпос» қоғамдық қоры, қалалық Ішкі саясат және дін істері басқармасының барынша қолдауымен Шымкент қаласының әкімдігі мектеп оқушыларының батырлар жырын жатқа айтуына барынша сенім артып отыр. Былтыр Қобыланды жырын жатқа айтудан қаладағы 4 мектептен үздік 3 оқушы шыққан. Олар керемет жүлделерге ие болды. Ең бастысы – ұстаздары марапатқа ие болды. Осылайша біз ұлттың негізгі ұстыны саналатын батырлар жырын жаттауға деген оқушылардың ықыласын арттырып, нағыз елінің патриоты, нағыз елінің ұлт жанды азаматтарын тәрбиелеуге қатысты Қазақ эпостың "Тұлпар мініп, ту алған" деген байқауын биыл да өткіземіз. Қазір республикалық "Қазақ эпос" қоғамдық қоры бізбен келісім шартқа отырып жатыр. Сондықтан қалалық ішкі саясат және дін істері басқармасы бұл жобаны жоспарлап қойды. Қазан-қараша айларында бұл байқау міндетті түрде өтеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын "Оңтүстік Қазақстан" қоғамдық саяси газетінің бас редакторы Абай Балажан мырза бастаған "Жақсылар дастан айтайын..." деген батырлар жырын жатқа айтуды ұйымдастырған облыс көлеміндегі жыр сайысы бүгінде республика көлемінде арнайы бағдарлама аясында іске асып жатыр. Сонымен қатар жоғары сынып оқушылары арасында "Оңтүстік стартап – 2020" үздік жобалар конкурсы жоспарланған еді. Қаладағы 40-тан астам мектеп бұл конкурсты ойдағыдай өткізді. Барлығы жақсы болса, жаңа оқу жылында үздік жобаларды марапаттап, стартап жобасы негізінде оқушыларға көмек береміз,-дейді Зәуре Оралбаева.

Оның сөзінше, жоғарыда айтылған үш бағыт бойынша Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің бекітуімен биыл 144 негізгі тармақтан тұратын жоспар бектілген. Республикалық тұрғыда 97 тармақтан тұратын үлкен ауқымды іс-шаралар кешені бар. Бұл жоспарлар барлық саланы қамтымақ екен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы