Шымкенттегі өрт: 10 адам медициналық көмекке жүгінді
Шымкентте «Ордабасы» индустриялық аймағында шыққан өрт сөндірілді. 10 адам зардап шегіп, медициналық көмегіне жүгінген.
Оқиға кеше сағат 11.35-те болған. Индустриялық аумақта техникалық газ күкірті тұтанып, өртке ұласқан. Өрт 1 200 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиға кезінде өрт шыққан аумақтағы «Daewoo Jentra» маркалы жеңіл автокөлік өртенді.
Шақырту бойынша оқиға орнына келген өрт сөндірушілер ашық күкірттің жанып жатқанын анықтады. ТЖМ күштерімен өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнына ҚТЖ өрт сөндіру пойызы, жергілікті атқарушы орган, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және эколог мамандар жұмылдырылды. ТЖМ құтқарушылары жергілікті атқарушы органмен бірлесіп, инертті материалдарды төсеу және газсындандыру жұмыстарын жүргізді. Күкірттің тотығуы қызыл жалынды сөндіру жұмыстары кезінде қиындықтар туындатты, - деді Шымкент қалалық ТЖД дағдарыс жағдайлары басқармасының жедел кезекшісі, азаматтық қорғау капитаны Ердос Ахметов.
Полиция қызметкерлері ықтимал зақымдану аймағына қоршау жүргізіп, өрт орнынан СЭС қызметкерлері сынама алған. Оның қорытындысы күтілуде.
Жақын маңдағы Шаңырақ шағынауданынындағы тұрғын үйлерден (барлығы 412 үй, 2 472 адам тұрады) эвакуация пунктіне 443 адам эвакуацияланды, оның ішінде 233 бала (барлығы 23:20-да үйлеріне және туыстарына кетті).
ТЖД мәліметінше, өрт орнынан күйік және улану белгілері бар 10 адам (1 күйік, 9 улану) медициналық көмекке жүгінді. Дәрігерлер тексеруінен кейін 2 адам ауруханаға жатқызылды, қалған 8 адам жағдайы қалыпты болуына байланысты үйлеріне қайтарылды.
Өрт 28 шілде 00:36-да оқшауланды және 05:01-де толығымен сөндірілді. Қазіргі таңда өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Тілсіз жаумен күресуе жалпы саны 700-ден астам адам, 129 техника және 1 өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Бұдан бөлек Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері де көмекке келген.
Жалын толық сөндірілгенше оқиға орнында қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің басшылығымен жедел штаб ұйымдастырылған. Пилотсыз ұшу аппараттарының көмегімен аэровизуалды тексеру жүргізілді.
Қалалық әкімдіктегілер мамандар әлі де оқиға орнында жүргенін, қажет болған жағдайда ықтимал зардаптың алдын алу және толық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын атап өтті.