Бүгiн 2026, 14:36 Фото: видеодан скриншот

Шымкенттегі Нұрайдың өлімі: Күдіктінің туыстары қылмысқа қатысты болуы мүмкін бе?

Нұрай Серікбайдың өлімі: Полиция күдіктінің туыстарын тексеріп жатыр.

Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу аясында құқық қорғау органдары жәбірленуші тараптың «бойжеткенді күдіктінің үйінде оның туыстары ұстап отырған» деген барлық уәждерін тексеріп жатыр. 

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов хабарлағандай, қазіргі уақытта Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша белсенді тергеу амалдары жүргізілуде. 

Жәбірленуші тарап қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар-жоғын тексеру туралы уәждер келтіріп отыр. Атап айтқанда, Нұрайды күдіктінің үйіне жеткізу кезінде жанында болған, қатысқан адамдардың да қатыстылығын анықтау қажет. Бұдан бөлек те бірқатар жайттар бар. Тергеу сатысында біз істің толықтығын қамтамасыз етіп, барлық уәждерді тексеруіміз керек, сонда ғана іс сотта жан-жақты қаралатын болады, – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ, Әділов тергеу аясында осы эпизодқа қатысы бар тұлғалардың барлығынан жауап алынып жатқанын атап өтті. 

Еске салайық, 2026 жылғы 11 қаңтар күні көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылды. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.

Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.

Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.

Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.

Белгілі болғандай, Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған.

Сондай-ақ, депутат Мұрат Әбенов елді дүрліктірген оқиғаның қалай болғанын айтты. 

«Жазадан құтылып кетуі мүмкін»: Шымкентте өлтірілген Нұрайдың ағасы жұртшылыққа үндеу жасады.