Шымкенттегі хайуанаттар бағын жөндеуге бөлінген қаржының бір бөлігі елді мекендерге жұмсалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шымкенттегі әйгілі хайуанаттар бағын жөндеу жұмыстарына қатысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Мұрат Әйтенов жауап берді. 

Шырайлы шаһардың көркін келтірген атақты зообақты жөндеу жұмыстары жоспарға енгізілген. Тіпті, 2019-2020 жылдарға арналған хайуанаттар бағын дамыту кешенді жоспары да құрылған. Ол 3 кезеңді қамтып,  2018 жылы қабылданған. 

2019 жылы бірінші кезеңнің жұмыстары мәресіне жетті. Былтыр екінші кезеңнің жұмыстары жасалды. Биылға жоспарланған жұмыстарды тоқтатуға тура келді. Себебі бұл қаражатты біз елді мекендердің инфрақұрылымына жұмсадық, - деді қала басшысы Мұрат Әйтенов. 

Оның айтуынша, екі кезеңнің жұмыстарына бас-аяғы 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Осылайша, қаланың көрікті жері саналатын зообақтағы жануарларға заманауи жағдай жасалған көрінеді. Бүгінгі таңда хайуанаттар бағының 60%-ы жаңартудан өтті. Қазір тоқтап тұрған үшінші кезеңнің жұмыстары кейін жалғасын табады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы