Шымкенттегі энергожелілер мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту барысы бағаланды

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Шымкенттегі энергиямен қамтамасыз ететін стратегиялық нысандарды аралап, қаланың активімен "Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту" Ұлттық жоспарын іске асыру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әкімдіктің мәліметі бойынша, бүгінде 29 км жылу желісі және 330 км электр желісі реконструкцияланды. Қазандықтар жөнделіп, 50 электр трансформаторлары ауыстырылды.

Кеңес барысында тек желілердің ғана емес, электр подстанцияларының құрылысы да Ұлттық жобаға енгізілуі ұсынылып, мақұлданды. Осылайша, Шымкентте 400 км-ден астам ескірген электр желілерін ауыстыру және қуаты 125 МВт болатын жаңа "Қызылсу" электр подстанциясының құрылысы қарастырылып жатыр.

Вице-премьер әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандық жұмысын тексерді. Қазандық қаланың 10%-ын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр. Жергілікті билік 2027 жылға дейін қолданыстағы 5 қазандыққа қоса жалпы қуаты 120 Гкал болатын 4 қазандық орнатуды жоспарлап отыр, бұл қалаға жылу беру көлемін 20%-ға арттырады.

Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев қаланы 70% жылу және 30% электр энергиямен қамтамасыз ететін өңірдегі жалғыз ТЭЦ-3 станциясын аралады. ТЭЦ-3-тің қалаға дейінгі жылу желісінің жалпы ұзындығы 60 км-ге жуық, ал оның 90%-ы тозған. Осыған байланысты, Ұлттық жобаға осы жылу желілерінің 17 шақырымын реконструкциялауға қосу туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар вице-премьер қуаты 40 МВт болатын "Дендропарк" электр подстанциясының жұмысымен танысты. Әкімдіктің мәліметінше, жоба 2024 жылы "Тарифті инвестицияға айырбастау" инвестициялық бағдарламасы аясында бюджеттік қаражатсыз іске асырылды. Электр подстанциясы жаңа тұрғын аудандарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, Шымкентте Ұлттық жоба "Дендропарк" электр подстанциясының үлгісіне сай бюджеттік қаражатсыз жүзеге асады.

Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев Шымкент қаласының ТЖД "Көктем-2025" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуымен танысып, Бадам өзеніндегі жағалауды қорғау бөгеттерін тексерді. Алты елді мекеннен өтетін өзенде арнаны түзету бойынша инженерлік құрылыс жұмыстары жүргізілген.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы