Шымкентте жылыжай кешендеріне мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласында жылыжай кешендерінің саны мен оған көрсетілетін мемлекеттік қолдау үлесі артып келеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шымкенттегі мемлекет тарапынан қолдау тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған өндірістік жылыжай кешендерінің бірі - «Иляев» ЖК. Қаратау ауданы Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан. Жалпы аумағы 2,2 гектарды құрайды.
Өз жұмысын 2018 жылы бастаған. Сол жылы кешен құрылысына «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Жылыжай кешені түркиялық стандартқа сай келетін және жаңа үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталып қана қоймай, инновациялық жүйедегі заманауи технологиялармен қамтылған.
Жылына 600 тоннаға дейін қызанақтың «Мерлис» және «Пембе» сорттарын өндіреді. Өндірілген тауарлар азық-түлік дүкендері мен базарларында сатылып жатыр. Қазіргі таңда жылыжай кешенінде 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Айта кетейік, бұл жерде өсірілетін көкөністер тек экологиялық таза өнімдерден құралады. Оларды өсіруде қолданылатын технология су мен тыңайтқыштарды және басқа да ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар арқасында кәсіпкер, шаруашылық иесі Берік Иляев 2022 жылы қосымша жылыжай аумағын 4 гектарға ұлғайтып, өнім көлемін арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Одан өзге, Шымкент қаласын ғана қамтып қоймай, экспортқа шығаруды көздеп отыр.