Шымкентте жыл соңына дейін 1270 азаматқа пәтер беріледі

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл 978 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылмен салыстырғанда 42 пайызға өсті. Жыл соңына дейін көрсеткішті 1 миллион 360 мың шаршы метрге жеткізу көзделуде. Дегенмен халық санының қарқынды өсуіне байланысты баспанаға деген қажеттілік өзекті болып тұр. Әлеуметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 51 мыңнан асты. Мәселені шешу үшін 4 830 пәтерлі 92 әлеуметтік тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 2 094 пәтерлі 55 тұрғын үй пайдалануға беріледі, - деді әкім.

Ол сондай-ақ жұмысшы жастарға және халықтың әлеуметтік осал топтарына 1 604 пәтер сатып алу қарастырылып, бүгінде оның 1 240-ы алынғанын айтты.

Жергілікті «Қамқор» тұрғын үй бағдарламасына бөлінетін қаржыны 2 есеге арттырып, кемінде 400 отбасыға жеңілдетілген несиелер беруге 8 млрд теңге қаржы бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек ретінде табыс деңгейі төмен 392 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілді, - деді ол.

Одан бөлек, Ғабит Сыздықбеков «Отбасы банктің» тұрғын үй бағдарламалары арқылы 1 666 азаматты кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделгенін жеткізді.

Жалпы есепті кезеңге 2 004 азамат әлеуметтік тұрғын үймен қамтылып, жыл соңына дейін қосымша 1 270 пәтер беріледі, - деді ол.

Еске салсақ, Шымкентте жыл соңына дейін 9 мектеп құрылысы аяқталатыны туралы жазған едік.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов -архив
Өзгелердің жаңалығы