Шымкентте жолда көлікпен «дойбы» ұйымдастырғандар жазаланды
Шымкентте жол ережесін бұзған бейнежазбаның кейіпкерлері жазаланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде қалалық полиция департаментінің қызметкерлері бірнеше шетелдік көліктердің қатысуымен жолдағы «дойбы ойыны» түсірілген бейнежазбаны анықтады.
Көлік жүргізушілері қозғалыс кезінде бірнеше рет жолақты ауыстырып, қауіпсіз қашықтықты сақтамай, бірін-бірі басып озып төтенше жағдай туғызған.
Тізгіндеушілердің орынсыз қылығына ашуланған өзге де жол қозғалысына қатысушылар не болып жатқанын видеоға түсіріп алған.
Патрульдік полиция полкінің инспекторлары қабылданған шаралардың нәтижесінде құқық бұзушылар анықталды.
Жол ережесін өрескел бұзған азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 595- бабы «маневр жасау қағидаларын бұзу» және 606-бабы «жол жүрісіне ЖЖҚ авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы» бойынша жауапкершілікке тартылды.