Шымкентте жолда болған қанды төбелес: Төрт күдікті ұсталды

Шымкент қаласында жол-көлік оқиғасынан кейін жаппай төбелеске ұласып, адам өлімімен аяқталған қылмысқа қатысты төрт күдікті ұсталды. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, аталған азаматтар кісі өлтіру және бұзақылық жасады деген күдікпен қолға түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оқиға қалай болды?

Жол апаты 20 қаңтар күні Ерімбетов пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында тіркелген. Апаттан кейін жүргізушілер арасында жанжал туындап, оған үшінші көлікпен келген адамдар да қосылған.

Қақтығыс барысында бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Соның салдарынан 40 жастағы ер адам оқиға орнынан кейін көз жұмды, тағы бір азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілді.

Тергеу барысы

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алғашында полиция күдіктілерге іздеу жариялаған болатын. Кейін жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген төрт ер адам анықталып, ұсталды.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру шаралары жалғасып жатыр, - деп қалалық Полиция департаменті.

Аталған іс «Кісі өлтіру», «Бұзақылық» және «Адам ұрлау» баптары бойынша тергеліп жатыр. Құқық қорғау органдары қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерін жүргізуде.

Күдіктілерді анықтау және ұстау үшін департаменттің барлық күш-құралдары жұмылдырылды, – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Зардап шеккеннің жағдайы

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккен азаматтың жағдайына қатысты мәлімет берді.

1990 жылы туған науқас Қалалық клиникалық аурухана №1-ге ауыр жағдайда жеткізілді. Оған сол жақ кеуде қуысының өтпелі пышақ жарақаты диагнозы қойылып, шұғыл түрде операция жасалды, – делінген басқарма хабарламасында.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың жағдайы ауыр, ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы