Шымкентте жол-көлік қозғалысын «Сергек» қалай бақылайды?

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Былтыр Шымкентте 100 көше қиылысына, 200 көшедегі 1667 орынға «Сергек» камералары орнатылды. Жол қозғалысы ережесін бұзған автокөліктерді тіркеп, айыппұл жазатын камералар биылғы 4 айда 200 мыңнан астам әкімшілік-құқықбұзушылықты анықтады. Осы орайда Шымкент қаласы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының басшысы Ерғали Сүлейменовпен сұхбаттасып, қаладағы «Сергек» камераларының жұмысы туралы білдік. 

— Шымкентте «Қорғау — қауіпті жүргізуші» бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Бұл бағдарламаның тиімділігі қандай?

— Мемлекет басшысы және ІІМ тапсырмасына сәйкес «Сергек» камералары аясында Шымкент қаласында 19 сәуірден бастап «Қорғау — қауіпті жүргізуші» бағдарламасы жұмыс атқарып жатыр. Мұның ерекшелігі — «Қорғау — қауіпті жүргізуші» жобасының мобайл қосымшасы, «Сергек» бейнекамералары Полиция департаментінің жедел басқару орталығының мүмкіндігі біріктірілген. Патрулдік полиция қызметкерлерінің планшеттеріне бұл бағдарлама енгізілген. Жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген автокөліктерді, техникалық байқаудан өтпеген, сақтандырусыз жүрген, иесі анықталмаған автокөлік және нөмірін алып тастап жүретін автокөлік «Қорғау» бағдарламасының базасында көрсетіледі. Бұл қорғау бағдарламасының ең тиімді тұсы — екі немесе одан да көп құқықбұзушылық жасаған автокөлік жайлы ақпарат планшетке келіп түседі. 

— Жыл басынан бері «Сергек» камералары арқылы қанша айыппұл салынды және оның қанша теңгесі өндірілді? 

— 2021 жылдың соңынан бастап Шымкент қаласында 100 көше қиылысына, 200 көше желісіне жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматты түрде түсіретін 1677 «Сергек» камерасы орнатылған. Сол камералардың көмегімен биылғы 4 айда 218 865 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Бұған салынған айыппұл сомасы — 2 млрд 101 миллион теңге. Қазір оның 1 млрд 514 миллион теңгесі өндірілді. Енді Шымкент — халық саны көп қалаға жатады. Сондай-ақ көршілес аудандардан келім-кетім көп. Бізде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте 615-бап бар. Сол бапта белгіленбеген орыннан жолды кесіп өту жайлы жазылған. Оның айыппұлы 5 айлық есептік көрсеткішті көрсетеді. Бізде барлық жағдай зерделенеді. Зерделеу нәтижесінде жол көлік оқиғаларының басым бөлігі белгіленбеген жерден жолды қиып өтуден болады. 

— Қала тұрғындары үйден жұмысқа бару және жұмыстан үйге қайту кезіндегі болатын көлік кептелісіне көп шағым айтады. Сол уақыттарда бағдаршамдарда полиция қызметкерлерінің жеткіліксіз болатынын айтып жатады. Бұған не дейсіз? 

— Шымкент қаласында 350 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Қаламыздағы көшелер тар екені белгілі. Жыл сайын әкімдік тарапынан бірнеше көшеге жөндеу жұмысы жүргізіледі. Қазір Арғынбеков пен Бәйдібек би көшесінің жолайырығы салынып жатыр. Осындай жол айырықтарындағы құрылыс жұмысы қаламыздың 6 жерінде 2024-2025 жылға дейін бітеді. Қонаев даңғылының аяқ жағы Ташкент тасжолына барып қосылады. Осы жолайырықтар салынып біткенде, қаламыздағы кептеліс мәселесі шешімін табады деп отырмыз. Соған дейін жолда кептеліс болмауы үшін полиция қызметкерлері барынша қызмет етеді. Қазір де қызмет атқарып жатырмыз. Ал жеткіліксіз жерлерді зерделеп, қосымша қызметкер қоямыз. Осы тұста тұрғындардан өтінерім — егер полиция қызметкерін көрмесеңіз, міндетті түрде 102 телефонына қоңырау шалып, мәселеңізді айтсаңыз болады. 

— Қазір Шымкент көшелеріне қойылған жол белгілеріне де шағым көп. Мәселен, 60 км/сағ жылдамдық шектеуінің жол белгісі қойылған жерден 60 км/сағ жылдамдықпен өтсе, базада сол жер 40 км/сағ жылдамдықты көрсетіп, жүргізушілерге айыппұл келеді екен. Мұндай жағдайда не істеу керек? 

— Қаламызда қазір 20 жерде 40км/сағ жол белгісі орнатылған. Мектептердің жаны және тек қана жаяу жүргіншілер жолағын бақылауға алып тұр. Ал жолдың ашық жерінде немесе жаяу жүргінші жолағы жоқ жерде 40 деген жол белгісі жоқ. Елдімекендерде бәрімізге белгілі жол ережесені сәйкес, ең жоғарғы жылдамдық 60 км/сағ. Ал жылдамдық 60-ты көрсетіп тұрып, сол белгіден асырмай жүрсеңіз де сізге айыппұл келуі мүмкін емес. Егер келіп жатса, 98-08-38 телефон нөміріне хабарласуына болады. «Сергек» бағдарламасы арқылы келген айыппұлға қатысты кез келген сұраққа, тіпті көлік жүргізушілері «құқықбұзушылық жасамадым» деген күмәні болса, айыппұлға күмәнданса, осы телефон арқылы жауап береміз. Телефонмен хабарласуды жөн көрмесе, полиция департаментіне келіп, арыз жазып қалдыруыңызға болады. Шымкентте қазір 12 мыңнан астам жерге жол белгісі орнатылған. Жол белгісі орнатылған жерге біздің тарапымыздан күнделікті зерделеу жұмысы жүргізіледі. Сол кезде ескіргені, құлап қалатыны болады немесе басқа азамат тарапынан ұрлау фактісі болады. Мұндай жағдайда да полиция қызметкерлеріне міндетті түрде хабарлау қажет. 

Қала тұрғындары мен қонақтарына айтарым — қала аумағында жол ережесін сақтап жүрсеңіздер екен. Егер сақтамай жүрсе, «Қорғау» мобилді бағдарламасы міндетті түрде айқындайды. 

— Полиция қызметкерлерінің көлігі 40 жылдамдықпен жүретін жерден жоғары жылдамдықта жүріп жатады. Қандай жағдайда бұған рұқсат етіледі? 

— Иә, заң бәрімізге бірдей, дегенмен бізде жедел қызмет атқаратын мекемелер бар.

Жедел жәрдем қызметі, өрт сөндіру қызметі және осы полиция қызметкерлері бір оқиға орнына жылдам бару үшін оларға рұқсат етілген. Бірақ ескеретін бір жағдай — 40-пен өтетін жерден 80-мен өтсе, рұқсат етілген көліктерді де камера түсіреді. Айыппұл жазады. Ол қызметкерлер кейін бұл жағдайдың себебін айтып, қандай шақыртуға бара жатқанын көрсетсе ғана айыппұлды қысқартамыз. Егер себеп анықталмаса, себепсіз жылдамдықты асырса, олар да құқық бұзушы ретінде жауапқа тартылады. 

— Көлік жүргізушілердің көбі «Сергектен» өткенше жол ережесін сақтайды да өте салып, жылдамдықты асырады. «Сергек» камерасы белгіден өтіп кеткен көлікті артқы жағынан да түсіре ма? 

— Иә біз мұны қарастырып жатырмыз. «Сергек» камерасы енді белгіден кейін де, яғни «Сергектен» өткен соң 30 метрге дейін көліктің жылдамдығын түсіреді. 

— Кейбір «Сергек» камераларының орны неге ауыстырылады? 

— 100 көше қиылысына 200 көше желісіне 1677 бейнекамера қойылғанын айттым. Ол камералар қаладағы барлық көшенің қауіпсіздігін қамтымайды. Сондықтан сол жерлерден де қауіпті аймақ анықталса, біз камера орнын жылжытамыз. Өйткені қауіпті аймақтағы жол көлік оқиғаларын алдын-алу керек. 

— Сұхбатыңызға рахмет, сөз соңында айтарыңыз бар ма?

— Сізге де рахмет. Бізде 25 сәуірден бастап халықтан заңсыз сақталған атыс қару, оқ дәрілер, жарылғыш заттарды сатып алатын «Қару» атты республикалық акция жүріп жатыр. Егер азамат осы акция аясында заңсыз сақталған қаруды алып келіп, полиция департаментіне өткізсе, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы