Шымкентте жиһаз фабрикасы іске қосылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында қала күні мерекесіне орай «Тассай» индустриялық аймағында 250 жаңа жұмыс орны ашылып, 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Соның бірі - кеңсеге, мектепке шкафтық жиһаздар мен жиһаздар шағаратын «Mega Smart B2B» ЖШС-ы.
Жаңа фабриканың ашылуына қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. «Қаламызда мемлекеттік қолдау арқасында жаңа өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шымкентте қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала экономикасы өсімінің негізгі алаңдары болып табылатын арнайы экономикалық, индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс жасауына ерекше көңіл бөлінуде. Қала күніне орай «Тассай» индустриялық аймағында іске асырылған жобалар санын жиырмаға жеткізіп отырмыз. Сол кәсіпорындардың бірі – «Mega Smart B2B» жиһаз фабрикасы болып табылады» деген Ш.Мұқан кәсіпорынды ашылуымен құттықтады.
Көлемі 2 гектар аумақты құрайтын 750 млн теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 100 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаруға қауқарлы.