Шымкентте жер телімдеріне қатысты айласын асырған ХҚКО қызметкерлері сотталды
Олар мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мәліметтерді өзгерту арқылы Шымкент қаласының жер телімдерінің шекарасын заңсыз көшіріп, өзгерткен, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, Шымкент қаласының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ жергілікті филиалының бұрынғы екі қызметкеріне қатысты үкімі өз күшіне енді.
Олар Қылмыстық кодекстің 206-бабының 3-бөлігінде және 190-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан 5 жылға айырылды. Тергеу барысында сотталған адамдардың Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде мәліметтерді өзгерту арқылы Шымкент қаласының жер телімдерінің шекарасын заңсыз көшіріп, өзгерткені анықталды. Олардың қылмыстық әрекетінен мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден астам соманы құрады, - делінген ҰҚК баспасөз қызметі таратқан хабарламада.