Шымкентте жеңіл өнеркәсіп саласында 26 жоба жүзеге асырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласы аумағында орналасқан "Оңтүстік" арнайы экономикалық аймағында 2020-2022 жылдары жалпы көлемі 60 млрд теңгеден астам 26 жоба жүзеге асырылмақ, деп хабарлайды  Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Нәтижесінде 2000 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Ал, осы жылы құны 1,316 млрд теңге болатын 3 жоба аяқталып, 128 жаңа жұмыс орны ашылады.

Яғни аймақта алдағы үш жылда полипропиленді жіп, дәкеден таңғыш материалдар, гигиеналық қағаз, А3, А2, А4 форматындағы қағаз, камуфляжды торлар, униформалар мен арнайы киімдер тігетін және макулатурадан картон өндіретін, бақшаға арналған жазғы аяқ киім өндірісі, аяқ киім және былғарыдан жасалатын өзге де бұйымдар өндірісі  жүзеге асырылады.

Шағын орта бизнес кәсіпорындары, шоғырландырылған тоқыма кластері қалыптастырылған арнайы экономикалық аймақта  3434 жұмыс орнын құруды көздейтін жалпы құны 90,1 млрд теңге болатын 42 жобадан тұрады. Оның ішінде жалпы құны 29,98 млрд теңгенің 16 жобасы жүзеге асырылып, 1435 жұмыс орны құрылды.

2010 жылдан бүгінгі күнге дейін қатысушы кәсіпорындармен 61,9 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Осы өнімнің жартысынан астамы яғни, 42,1 млрд теңге сомасындағы өнім таяу және алыс шетелдерге экспортталған. "Оңтүстік" АЭА жұмыс істеген кезең ішінде бюджетке салықтық аударымдар 4,3 млрд теңгені құрады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы