Шымкентте жасөспірімдер арасында өрт сөндіру-құтқару спортынан жазғы чемпионат өтіп жатыр
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте өрт сөндіру-құтқару спортына мықты жаөспірімдер жиналып, бабын сынап жатыр. Мұнда Өрт сөндіру-құтқару спортынан жасөспірімдер арасында XII жазғы чемпионат басталды. 17 команда өтініш берген ел біріншілігінің жеребе тастау рәсімі 11 шілдеде өтіп, 12 шілдеде ресми ашылу салтанаты болды.
Биылғы чемпионаттың жеребе тастау рәсімі Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің Дағдарыс орталығында болды.
Биыл 2022 жыл — Балалар жылына тура келіп отырған байрақты бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен мықты командалар келіп отыр. Өрт сөндіру-құтқару спорты — өміріміз үшін өте қажет әрі өте маңызды спорт түрі. Болашақ өрт сөндірушілер де, құтқарушылар да осы сіздердің араларыңыздан шығады. Соған қуанамыз. Биылғы бәсеке Балалар жылына тұспа-тұс келді. Бала қауіпсіздігін сақтау — басты мақсат. Барлық командаға сәттілік, жарыс төрешілеріне әділ баға қойып, дұрыс шешім қабылдауды тілеймін, — деді департамент бастығының міндетін уақытша атқарушы полковник Жәнібек Кәрімбаев.
Жеребе тастау рәсіміне ҚР Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар федерациясының атқарушы директоры Дәурен Данаев төрағалық етті.
Жеребе тасталып, командалардың реті анықталған соң, Қажымұқан атындағы Орталық стадионда чемпионаттың ресми ашылу салтанаты өтті.
Биыл өрт сөндіру-құтқару спортынан жасөспірімдердің XII жазғы чемпионатына қатысуға облыстардан, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан 17 команда келіпті.
Өрт сөндіру-құтқару спорты кәсіби қолданбалы спорт түріне жатады. Өйткені бұл спорттың барлық элементі шебер, епті, шыдамды, төзімді болуды және сол қасиеттердің барлығын практикада қолдануды талап етеді. Өрт сөндірушілердің жұмысы аса қиын әрі қауіпті, өйткені олар отпен күреседі. Сондықтан да өрт сөндіруші-құтқарушылардың кәсіби машығын жетілдіретін, шыңдайтын, баптайтын спортқа жатады. Елімізде өрт сөндірушілердің арасында өтетін жарыстар Азаматтық қорғаныс жүйесіндегі ең беделді әрі жарқын жарыс саналады, — дейді ҚР Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар федерациясының атқарушы директоры Дәурен Данаев
Оның айтуынша, биылғы чемпионатты қолдауға осы спортты елімізде дамытуға үлкен үлес қосқан, өрт сөндіру-құтқару спортынан халықаралық жарыстарда республикамыздың беделін өсіріп, мерейін тасытқан мықтылар келіпті. Республикалық және өңірлік жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар екен.
Жалпы өрт сөндіру-құтқару спорты жер-жердегі өрт сөндіру бөлімшелерінің спорт іс-шаралары мен оқу-жаттығу өткізуге арналған материалды-техникалық базасын жетілдіруіне де жол ашады. Өйткені өрт сөндірушілер өрт сөндіру техникасы мен арнайы жабдықтарды қолданып жұмыс істеу шеберлігін арттырады. Жаөспірімдердің жазғы чемпионаты бірнеше жарыс түрі бойынша өтеді. Атап айтқанда, оқу-жаттығу мұнарасының 2-3 қабатындағы терезеге шабуылдау сатысы арқылы көтерілу, жауынгерлік қанат жаю, 4×100 метр өрт эстафетасын орындау және кедергілер қойылған 100 метр қашықтан өту, — деді ол.
Жазғы чемпионат 16 шілдеде аяқталады. Салтанатты жабылу рәсімі мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 16 шілде, сағат 15:00-де Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы ғимаратында өтеді.