Шымкентте ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қайта жанданды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкенттегі эпидахуалдың тұрақтала бастауына байланысты қала әкімінің тапсырмасымен «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі қайта ашылды.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.



Аталған жәрмеңкені ұйымдастырудың негізгі мақсаты - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, халықты тиімді бағадағы қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету және делдалдық қызметті шектеу болып табылады.


Шымкент қаласының ауылшаруашылық және ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен жәрмеңкеге жалпы 200-ден астам қала кәсіпкері және Түркістан облысының Төле би, Түлкібас, Сайрам, Ордабасы аудандарының тауар өндірушісі қатысты.


Жәрмеңке барысында ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер қала тұрғындары мен қала қонақтарына ет, сүт өнімдерімен қатар, картоп, көкөніс, жеміс-жидек пен қауын-қарбыз, болгар бұрышы, қызанақ, қияр мен жеміс шырынын нарық бағасынан 10-15 пайызға төмен ұсынды, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, жәрмеңке барысында карантин талаптары қатаң сақталып, дезинфекциялық өткелдер орналастырылып, төтенше жағдай, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтері жұмылдырылды.


Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өз жалғасын табатын болады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы