Шымкентте жаңбырдан кейін асфальт опырылып, жер астындағы құбыр жарылды
Жақын маңда орналасқан екі жеке тұрғын үй сусыз қалды.
Шымкенттің Абай ауданындағы Ақторғай көшесінде бір жылға жетпей төселген жол жабындысы шөгіп, ішінара опырылып түсті, деп хабарлайды BAQ.KZ Otyrar-ға сілтеме жасап.
Жолдың бүлінуіне байланысты маңайдағы екі жеке үй ауызсусыз қалған. Сондай-ақ бұл көшеде көлік қозғалысы қиындады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шөккен жер шамамен бес күн бойы қауіпті жағдайда тұрған. Нөсер жаңбырдан кейін шағын шұңқыр үлкейіп, топырақ отырып кеткен. Соның салдарынан жер астындағы шланг зақымданып, кейін жарылған. Нәтижесінде екі үй сусыз қалды.
Тұрғындар бұл көшемен күн сайын мектепке баратын балалардың қауіпсіздігіне де алаңдаушылық білдірген. Олардың сөзінше, көлік қозғалысы іс жүзінде мүмкін болмай қалған.
Қазір бүлінген аумаққа топырақ төгілген. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жағдайдан хабардар екенін және мәселе бақылауда тұрғанын мәлімдеді.
Ведомствоның дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың шілде-тамыз айларында бұл көшеге жөндеу жұмыстарын Atash Trans Logistics мердігер ұйымы жүргізген. Асфальтбетон жабындысын төсеу алдында және негізді нығыздау кезеңінде сараптаманы Ұлттық сапа орталығы жасаған. Соған қарамастан, кейбір учаскелерде жол жабындысы шөгіп кеткен.
Басқарма өкілдері Ақторғай көшесінде бұған дейін кәріз құбырларын тарту жұмыстары жүргізілгенін түсіндірді. Асфальт дәл сол жұмыстар атқарылған жерлерде топырақтың отыруы салдарынан шөккен.
Анықталған ақаулар мердігер компания есебінен жойылады, себебі кепілдік мерзімі бес жылдан асады. Қалпына келтіру жұмыстарына дайындық басталып кеткен, толық аяқтау наурыз айының соңына жоспарланған.