Шымкентте жаңа әмбебап жедел қызметтер кешені ашылды

Шымкент қаласының Таскен шағын ауданында өрт сөндірушілер, жедел медициналық жәрдем бригадасы және полиция қызметкерлері бір шатырдың астында жұмыс істейтін жаңа әмбебап жедел әрекет ету орталығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жобаны ҚР ТЖ министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов бастамашы болды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, азаматтық қорғау ардагерлері және салалық қызметтердің өкілдері қатысты.

Жаңа кешен қаланың қауіпсіздігін күшейтудің маңызды элементіне айналды. Бір ғимаратта орналасқан жедел қызметтер алғашқы қоңыраудан бастап көмек көрсетуге дейінгі барлық әрекеттерді бірыңғай алгоритмге келтіріп, оқиға орнына жету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, халыққа көрсетілетін көмек сапасы артады.

Кешенде жаңа №10 өрт сөндіру бөлімі, полиция бөлімшесі және жедел жәрдем бригадасы орналасқан. Ғимаратта қызметтік кабинеттер, ГТҚҚ бекеті, оқу сыныбы, асхана, оқу мұнарасы және спорт алаңы қарастырылған. Техника үшін екі автомобильдік гараж және арнайы орындар жасалған.

Жедел қызмет көрсету аймағына Таскен шағын ауданының 14 мыңнан астам тұрғыны кіреді. Кешеннің ашылуы Шымкентте әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған заманауи әрі интеграцияланған жедел әрекет ету жүйесін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың дәлелі болып табылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы