Шымкентте үш ауысымды оқыту мәселесі шешілді – министр
Жаңа оқу жылы қарсаңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкенттегі бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, мектептердің қауіпсіздігі, инфрақұрылымы және педагогтермен қамтамасыз етілуіне назар аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде қаладағы барлық мектеп бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Жазбалар ІІМ Жедел басқару орталықтарына және әкімдіктің ахуалдық орталығына қосылған, бұл жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Инфрақұрылым саласында да айтарлықтай өзгерістер бар. «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 12 жаңа мектеп бой көтерді. Соның ішінде 2030 орындық №144 мектепке министр арнайы барды. Жаңа нысандардың ашылуы шағын аудандардағы жүктемені азайтып, үш ауысымды оқыту мәселесін толығымен жоюға ықпал етті.
Сонымен қатар реновация бағдарламасы шеңберінде 11 мектеп жаңғыртылып жатыр. №109 мектепте күрделі жөндеу аяқталып, оқу орны заманауи әрі қауіпсіз стандарттарға сәйкес жабдықталды.
Министр педагогтермен кездесуінде мектептің оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз ортаны қамтамасыз етіп қана қоймай, мұғалімдердің кәсіби дамуына да жағдай жасау керектігін атап өтті. Қазір қала мектептерінде 32 мың мұғалім 271 мың оқушыға білім беріп отыр.
Инклюзивті білім беру де басты назарда. Шымкентте мектептердің 95%-ы, ал балабақшалардың 96%-ы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қамтып отыр. Ұлттық деңгейде оларды кешенді қолдау туралы заң жобасы дайындалуда.
Министр сапар барысында аграрлық-техникалық колледждің материалдық-техникалық базасымен, сондай-ақ оқушылар сарайындағы қосымша білім беру жұмысымен танысты. Соңғы үш жылда елдегі қосымша білім беру ұйымдарының саны екі есеге өссе, биылдың өзінде бұл салаға 400 жаңа ұйым қосылды.
Жаңа оқу жылынан бастап Шымкенттегі Президент резиденциясы дарынды балаларға арналған лагерь ретінде пайдаланылмақ.
Бүгінде қалада 1100-ден астам білім беру ұйымы бар, оның ішінде 290 мектеп жұмыс істейді.