Шымкентте «Төлем» электронды төлемақы жүйесі іске қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында қоғамдық көліктерде «Төлем» электрондық төлемакы жүйесі іске қосылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Электрондық төлемақы жүйесінің таныстырылымына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. 

Жүйені енгізудің мақсаты -  цифрлық шешімдер мен қолма-қол ақшасыз төлемдерді енгізу, қоғамдық көліктің қызметін жақсарту және жолаушыларға қолайлы жағдай жасау, қалалық бюджетке түсімдерді арттыру. 


Аталған жүйе арқылы жолаушылар ағынының статистикалық есебін  жүргізуге және нақты деректер арқылы әлеуметтік мәні бар маршруттарды субсидиялауға мүмкіндік туады.

Жоба жеке инвестор «QazSmartTrans» ЖШС-і есебінен іске асырылды. Инвестицияның көлемі 1,2 млрд. теңгені құрады.

Қоғамдық көлікте жол жүру ақысын төлеу үшін  төлем карталарының 4 түрі қарастырылған – стандарттық (жалпы пайдалануға), мектеп оқушыларының, студенттік және  жеңілдетілген карталар.


Жолаушылар көлік картасымен, SMS, QR-код, смартфонды (NFC) қолдана отырып жол жүру ақысын төлей алады. 1 қарашадан бастап көлік карталары арқылы қолма-қол төлеу кезінде қазіргі қолданатын тарифпен 70 теңге төлейді, ал қолма-қол ақшамен төлеу кезінде тариф 100 теңге болады.

Көлік картасының бағасы 500 теңге, бір рет тегін жол жүру ақысы беріледі.


 «QazSmartTrans» ЖШС-гі тарапынан 14 мың көлік картасы Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне, тыл еңбеккерлеріне (Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталғандар), Батыр ана, Алтын алқа, Күміс алқа төс белгі иелеріне  және  І - топтағы көру қабілеті нашар жандарға тегін таратылады. 

Жеңілдікпен жүретін азаматтарға карталарды тегін тарату мақсатында Шымкент қаласының әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасы мен қаладағы барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарынан арнайы орындар ұйымдастырылған. Аталған орындарда жеңілдік картаны алу үшін азаматтардан қажетті мәліметтер қабылданып, базаға енгізіледі. Жалпы  қалада 220 мың мектеп оқушысы, 80 мың студент, 14  мың  жеңілдік берілген тұрғын бар.


Бүгінгі таңда инвестор тарапынан көлік компанияларымен келісімшарт жасалып, автобустарға валидаторлар орнатылды.

 Сонымен қатар, смартфон пайдаланушыларына арналған «Open Shymkent» мобильдік қосымшасы әзірленген. Қосымша арқылы қолданушы өзінің картасының теңгерімін тексере алады. Сондай-ақ, теңгерімін толтырумен қатар жол жүру тарихын да көруіне болады. 


Одан өзге қала тұрғындары «Open Shymkent» қосымшасы арқылы басқа да қалалық әкімдікпен көрсетілетін қызмет түрлерін ала алады.

Тұрғындарға анықтамалық ретінде 8 775 811 2222 бірыңғай байланыс CALL-орталығы іске қосылған. 

Айта кету керек, «Төлем» карталарын қаладағы сауда үйлерінен және дүкендерден алуға болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы