Шымкентте телефон алып өткісі келген 20 түлек тестілеуге жіберілмеді

Алматы, BAQ.KZ.  Дене қызуы көтеріліп тұрған бір оқушыны Нұр-Сұлтан қаласында емтиханға жіберген жоқ. Мұндай жағдайға душар болған түлектердің 15 шілдеге дейін тест тапсыруға мүмкіндіктері бар. Бұл туралы "Хабар24" телеарнасы хабарлады.

Бүгін республика бойынша Ұлттық бірыңғай тест тапсыру басталды. Ел бойынша белгіленген 161 пункттің 51-і бүгін жұмысын бастады.
Биылғы тестілеудегі ерекшелік: әр оқушыға калькулятор қолдануға рұқсат бар. Тек олар оны өздерімен алып кіре алмайды. Аудитория ішінде қажет еткен түлекке беріледі. 

Телеарнаның мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласында бүгін дене қызуы көтеріліп тұрған бір оқушыны емтиханға жібермеген. Мұндай жағдайға душар болған түлектердің 15 шілдеге дейін тест тапсыруға мүмкіндіктері бар екен. Сондай-ақ, індет жұқтырған адамдармен қарым-қатынаста болды деген 3 оқушы тестілеуге жіберілмеген. Олар денсаулығын әбден тексергеннен кейін, яғни ПТР-тесттен өткен соң емтиханға кіреді. Сондай-ақ, Шымкент қаласында өзімен телефон алып өткісі келген 20 түлек тестілеуге жіберілмеді. 

Түлекер емтиханда 4 сағат отырады. Ата-аналар тестілеуді онлайн қарауға мүмкіндік алған. Арнайы сайтқа кіріп, әркім өз баласын бақылап отыруға болады. Сондай-ақ олар аудитория ішінде әлеуметтік арақашықтықты сақтауға міндетті. Бір бөлмеде 18-20 түлек қана отыра алады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов биыл түлектер жоғары көрсеткіш көрсетеді деп үміт күтетінін айтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы