Шымкентте құрылыс қоспаларын заңсыз шығарған астыртын цех анықталды
Шымкентте танымал тауар белгілерін заңсыз пайдаланып, құрылыс қоспаларын өндірген астыртын цехтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шараны қалалық Әділет департаменті Полиция және Экономикалық тергеу департаменттерімен бірлесіп жүргізген.
Әділет департаментінің мәліметінше, цехта «Alina Group» компаниясына тиесілі «Alinex Glad» брендімен құрғақ құрылыс қоспалары, сондай-ақ «Қайсар» және «Крепость» атауларымен кафель желімдері дайындалған.
Тексеру барысында аталған тауар белгілері заңсыз басылған 860-тан астам қап контрафактілік өнім тәркіленді.
Жиналған материалдар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін сотқа жіберілді. Бұл бап бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердің атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалануға қатысты жауапкершілікті көздейді.
Департамент өңірде контрафактілік өнімнің заңсыз айналымына қарсы жұмыс жалғасатынын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін ҚМА Абай облысы бойынша департаменті облыс прокуратурасының үйлестіруімен және Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, заңсыз алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цехтың қызметін тоқтатқан еді.
Сондай-ақ, Астанада санитарлық талаптарға сай емес жасырын ет цехы анықталғаны хабарланды.