25 Қараша 2026, 23:27 Фото: Скриншот

Шымкентте қауіпті дрифт жасаған жүргізуші 10 тәулікке қамалды

Қауіпті маневрлер мен жол қозғалысы ережелерін елемеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.

Шымкентте қоғамдық жолда көлігін әдейі тайғанатып, қауіпті маневр жасаған жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция мәліметінше, Mercedes-Benz автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатер төндірген. Құқық қорғау органдары оның жеке басын анықтады. Ол 26 жастағы Асадбек Умаркулов болып шықты.

Оған қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік материалдар жинақталып, іс сотқа жолданған. Сот шешімімен жүргізуші 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция өкілдері жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік әрбір жүргізушінің жауапкершілігіне байланысты екенін еске салады. Қауіпті маневрлер мен жол қозғалысы ережелерін елемеу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.