Шымкентте Полиция департаментінде күдікті қайтыс болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте 31 жастағы ер адам Полиция департаментінде болған тергеу кезінде қайтыс болды.
Департамент таратқан ресми мәлімдемеде марқұмның көлік ұрлығына қатысты ұсталғаны және тергеуге алынғаны айтылған. Одан жауап алу кезінде ер адам өзін нашар сезініп, артынша есін жоғалтып алыпты.Дереу жедел жәрдем шақырылды, алайда, дәрігерлер келгенше ол қайтыс болып кетті. Өлімнің нақты неден болғаны анықталып жатыр, – деді полицейлер.
Ал марқұмның туыстары болса полицейлер тарапынан қысым болғанына сенімді.
Қайтыс болған жігіт – Қостанай қаласының тұрғыны Нұрболат Жұмабаев, 1990 жылы туған. Ол бұған дейін ұрлық үшін сотталып, жазасын өтеген екен. Бір жыл бұрын түрмеден шығып, үйленуге шешім қабылдаған. Сүйіктісі Шымкентте тұрғандықтан, жуырда осы қалаға келіпті.
7 желтоқсанда онымен телефон арқылы сөйлестім. Жағдайы жақсы екенін айтты. Ал, 8 желтоқсанда маған Шымкенттегі достарым хабарласып, Нұрболат пен жанындағы серігін полиция ұстап әкеткенін хабарлады. Артынша, полициядан хабарласып, мәйітті алып кетіңдер деді. Достарым дереу адвокат жалдады, ол Полиция департаментіне барып, Нұрболаттың денесінде соққы іздері барын хабарлады. Қазір Шымкентке өзім бара жатырмын, бауырымның денесін өз көзіммен көруім керек. Ол бұған дейін ешқашан жүрек ауруына шағымданған емес, шаңғы спортымен айналысқан. Денсаулығы жақсы еді. Полицейлер айтқандай, жүрек ауруынан қайтыс болуы мүмкін емес, – дейді марқұмның бауыры Жанболат.
Аталған іспен қазір Шымкент қалалық Полиция департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының мамандары айналысып жатыр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Қысқы балық аулау. Ондаған азамат жауапкершілікке тартылды
Өзгелердің жаңалығы