Шымкентте пәтерінде есірткі жасырған әйел ұсталды

Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында қаладағы жалдамалы пәтерлердің бірінде аса ірі мөлшердегі есірткі жасырған 41 жастағы азаматшаны ұстады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қарау барысында оның тұрғылықты мекенжайынан полиэтиленді пакетке салынған ұнтақ тәріздес есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон екендігі нақтыланып, жалпы салмағы 101 грамды құраған. 

Тергеу барысында әйел есірткіні өзінің үйінде ары қарай өткізу үшін жасырғаны белгілі болды. Бүгінде аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы