Шымкентте пәтер өртеніп, бір адам қайтыс болды
Шымкент қаласының Теріскей шағынауданындағы бес қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің бірі өртеніп кетті. Салдарынан 4 шаршы метр аумақта үй заттары жанып, бір адам қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар департаментінің күштері баспалдақ арқылы 8 адамды, оның ішінде бір баланы эвакуациялады. Өрт сөндірілді. Оқиға орнынан 1959 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Аталған оқиғаға байланысты Әл-Фараби ауданының Төтенше жағдайлар басқармасы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеді. Қажетті сараптамалар тағайындалып, ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде, - деп жауап жолдады Шымкент қаласының ТЖД баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына.
ТЖД мәліметінше, 2026 жылғы қазан айында аталған көппәтерлі тұрғын үйде газ-техникалық қызмет өкілдерімен бірлесіп, өрттердің алдын алу және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, электр құрылғыларын қараусыз қалдырмауға, темекі шегу кезінде абай болуға және сөндірілмеген темекі тұқылдарын тастамауға шақырады.