30 Қыркүйек 2026, 15:23 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Шымкентте отбасылық жанжалдан кейін ер адам пышақ жарақатынан қаза тапты

Шымкентте ер адам пышақ жарақатынан қаза тапты. Оқиғаға қатысты әйел ұсталып, тергеу басталды. Полиция мән-жайды анықтап жатыр.

Шымкентте ер адам отбасылық жанжал кезінде пышақ жарақатын алып, көз жұмды. Қазіргі таңда осы факті бойынша қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі редакция сауалына берген жауабында оқиғаның 24 қыркүйекте болғанын мәлімдеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, 24 қыркүйекте ер адам мен әйел арасында отбасылық-тұрмыстық жанжал болған. Соның салдарынан ер адам пышақ жарақатын алған, – деді полиция.

Ведомство мәліметінше, аталған факті бойынша әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Оқиға Шымкенттің Самал-3 шағынауданында болғаны туралы ақпарат тараған. Кейбір тұрғындар жанжалдың мән-жайына қатысты түрлі болжам айтқан. Алайда бұл нұсқалар әзірге полиция тарапынан ресми түрде расталған жоқ.

Полиция қылмыстық іс бойынша өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейтінін атап өтті.

Қайғылы оқиға салдарынан ер адамның артында екі кәмелетке толмаған қызы қалғаны туралы ақпарат бар.

Айта кетейік, бұған дейін елордадағы тұрғын үй ауласындағы автотұрақта әйелді бұрынғы күйеуі пышақтап өлтіргені хабарланған болатын. Күдікті қылмыс ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр.

Қаза болған әйел қайғылы оқиғаға дейін полицияға екі рет жүгінген. Оның 7 қыркүйектегі арызында күйеуінің үйіне келіп, қорқытқаны және жанында үлкен ас үй пышағы болғаны жазылған. Сондай-ақ әйелде қорғау нұсқамасы болған. Бұл туралы марқұмның жақын туыстары BAQ.KZ тілшісіне айтып берді.

Тағы оқи отырыңыз: Астанада бұрынғы күйеуі пышақтап өлтірген әйелдің ісі: Төрт экс-полицей қамауға алынды