Бүгiн 2026, 11:26 Фото: Көлік министрлігі

Шымкентте ұшақтарды жөндеу орталығы салынады

Нысанның құрылысы басталды.

Шымкент қаласында SCAT авиакомпаниясы мен Boeing компаниясының серіктестігі аясында жүзеге асырылып жатқан авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ангарлық орталықтың (MRO) құрылысына капсула салудың салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Орталықты құру бастамасы Мемлекет басшысының АҚШ-қа жұмыс сапары барысында Boeing корпорациясының басшылығымен өткен кездесуде халықаралық деңгейде талқыланып, стратегиялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары айқындалған болатын.

Рәсімге Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, көлік вице-министрі Талғат Ластаев, сондай-ақ Boeing компаниясының коммерциялық сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Пол Риги қатысты.

Жаңа кешен Орталық Азиядағы әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу саласындағы ірі орталыққа айналып, Қазақстан Республикасының авиация саласындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі болмақ.

Жоба Boeing өндірісіндегі әуе кемелеріне қызмет көрсетуге бағытталған толық өндірістік циклді заманауи орталық құруды көздейді. Атап айтқанда, Boeing 737 (Classic/NG/MAX), Boeing 757/767, сондай-ақ Boeing 777 кең фюзеляжды әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және болашақтағы перспективалы бағдарламаларды іске асыру жоспарланып отыр.

Осыған байланысты қосымша Boeing әуе кемелерін сатып алу мүмкіндігі де қарастырылуда.

Кешен 10 гектар аумақта орналасады. Инженерлік-техникалық инфрақұрылымның жалпы ауданы 45 000 шаршы метрден асады, оның ішінде ангар маңындағы 6 гектардан астам әуе кемелерінің тұрақ аймағы бар. Жалпы саны кемінде 15 жоғары технологиялық нысан салу жоспарланған.

Жобаны іске асыру Қазақстанға шетелдік авиакомпаниялардың әуе кемелерін техникалық қызмет көрсетуге тартуға, салалық құзыреттерді кеңейтуге және жаңа жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде халықаралық деңгейдегі заманауи сервистік база қалыптасады.