Шымкентте орман, дала өртін сөндіру бойынша оқу-жаттығу өткізілді
Шымкент қаласында «Бадам орман және жануарлар әлемін қорғау шаруашылығында» өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шымкент қаласы гарнизонының өртке қарсы бөліністері жеке құрамының дала-орман өртін сөндіру кезіндегі тәжірибесін арттыру, өртті сөндіру бойынша қызметкерлер мен басшы құрамның дағдыларын жетілдіру, сондай-ақ Шымкент қаласы ТЖД бөліністерінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелермен, басқа да тіршілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметтерімен бірлесіп әрекет ету жұмыстарын ұйымдастыру оқу-жаттығудың басты мақсаты еді.
Өрт-тактикалық жаттығудың тактикалық тұрғысына сәйкес, орман шаруашылығына жақын орналасқан тұрғын үйлердің бірінің ауласында қоқыс жағу барысында от қараусыз қалып, оттың ұшқыны желдің бағытымен орман шаруашылығына таралып, өрт орын алды.
Орман шаруашылығының күзетшісі тез арада «101» қызметіне хабар береді. Жоғары шақырту бойынша және жергілікті органдармен өзара іс-қимыл жасау нұсқаулығына сәйкес жаттығу орнына Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің және орман шаруалығының күштер мен құралдары жөнелтілді. Сондай-ақ Түркістан облысының өрт сөндіру қызметі көмекке келді. Шартты өрт орнында өрт сөндіру штабы құрылып, 105 қызметінің қызметкерлері тарапынан бағаналардағы электр желісі ажыратылды. Бірлесіп әрекет етудің нәтижесінде өрттің орман шаруашылығы мен тұрғын үйлерге таралуына жол берілмеді, сондай-ақ 10 гектарды құрайтын аумақта шартты өртті сөндіру жұмыстары жүргізілді. Жаттығу барысында орманды дала өрттерін сөндіру бойынша күштер мен құралдарды басқару органдарының өзара іс-қимылына сәйкес мекемелер мен қызметтер арасында өрт туралы ақпарат алмасу тәртібі де пысықталды.
Оқу-жаттығу жиынына Шымкент қаласы ТЖ департаментінің және ведомстволық бағынысты ұйымдары мен құзырлы органдарының күш және құралдары қатысып, 28 техника, 150 адам жұмылдырылды.