Шымкентте оқушылар химия пәнін оқымай келген
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шымкенттегі мектептердің бірінде оқушылар мұғалім тапшылығы салдарынан химия пәнін оқымай келгенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрліктің аппарат отырысында ведомство басшысы оқушылардың сабақты оқымағаны жайлы естігенін айтты.
Шымкент қаласында №20 мектеп-гимназиясында кадр жетіспеуіне байланысты оқушылар химия пәнін оқымаған деген ақапарат келіп түсті. Мәселенің бір тоқсан бойы шешілмеуіне не себеп болды? Қандай шаралар қарастырып жатсыздар? – деп сұрады министр басқарма басшысынан.
Шымкент қаласы Білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева мұндай мәселе барын растады.
№20 мектепте химия пәнін орыс тілінде оқытатын мұғалімдер жетіспеушілігі болған. Бұған дейін сабақ беріп келген бір мұғалім 28 сағат жүктемемен жүрген. Ол 18 қыркүйекте отбасы жағдайы бойынша жұмыстан шығып кеткен. Конкурс бойынша екі мұғалімді жұмысқа алған. Ол мұғалімдердің біреуі қайтадан жұмыстан шығып кетті. Сол себепті мұғалімдер ауысып сабақ берген. Тұрақты мұғалім болмаған, - деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, Шымкентте пәндерді орыс тілінде оқытатын 98 мұғалімге тапшылық бар.
Бұл мәселе бойынша жергілікті 8 ЖОО-ның басшысымен сөйлесіп, алдағы уақытта меморандум аясында пәндерді орыс тілінде беретін тапшы мұғалімдердің санын көрсетіп бердік. Қазіргі кезде №20 мектепте бұл проблема шешілген, - деп жауап берді Нұргүл Шәмшиева.
Оқу-ағарту министрі білім ордаларын мұғалімдермен қамтамасыз ету мен олардың сапалы білім беруін бақылауда ұстауды тапсырды.