Шымкентте Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін полицейлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер вице-министрден істің қай деңгейде екендігін нақтылауды сұрады. Вице-министр Нұрайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті қамауға алынғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, жауаптар тексеріліп, оқиға орнында нақтылау жұмыстары атқарылды. Күдікті қамауда отыр, сот санкциясы екі ай мерзімге берілді. Аталған қылмыстық іс аясында Қылмыстық-процестік кодекстің 24-бабына сәйкес істің барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті зерделеу үшін қажетті тергеу әрекеттерінің барлығы жүргізіледі. Өздеріңіз білетіндей, тергеуді Шымкент қаласының полиция департаментіне қарасты тергеу-жедел тобы жүзеге асырып жатыр, - деп атап өтті Санжар Әділов.
Айтуынша, іс ерекше бақылауға алынып, орталық аппарат басшылығынан бастап, бір топ тәжірибелі мамандар тобы Шымкентке жіберілген.
Аталған қылмыстық іс бойынша Шымкентке тәжірибелі мамандар тобы, орталық аппараттың басшылығы, атап айтқанда криминалдық полиция департаменті мен тергеу департаментінің өкілдері жіберілді. Іс ерекше бақылауда. Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарына берген түсіндірмелерімізде айтқанымыздай, қызметтік тексеру нәтижесі бойынша және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі нақты шаралар қабылдады, - деді ІІМ вице-министрі.
Сонымен қатар ол аталған іс бойынша Полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылғанын, оның бірінші орынбасары да атқарып отырған лауазымынан шеттетілгенін атап өтті. Бұдан бөлек, салғырттық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл істі полиция қызметкерлерінің қылмыстық істі тіркеу және некеге мәжбүрлеу дерегі бойынша кінәлі тұлғаны жедел түрде жауапқа тарту үшін тиісті шаралар қабылдамаған әрекеттеріне байланысты Ішкі қауіпсіздік департаменті тергеп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.
Көп қабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді.