Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды
Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қозғалған іс аясында тағы бір қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы марқұмның отбасының адвокаты Аянхан Омаров хабарлады. Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 125-1-бабы – «Неке қиюға мәжбүрлеу» бойынша қозғалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі Шымкент қаласы полиция қызметкерлерінің салғырттығына қатысты қылмыстық іс қозғаған болатын. Қоғамдық резонанстан кейін қалалық полиция департаментінің басшылығы тиісті шаралар қабылдады.
Еске салайық, 11 қаңтар күні көп қабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін 13 қаңтарда полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен 28 жастағы ер адамды ұстады. Сот оны қамауға алу туралы шешім шығарды, тергеу «Адам өлтіру» бабы бойынша жүргізіліп жатыр.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді. Марқұмның ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жылдай таныс болған. Оның сөзінше, ер адам кейіннен қызды алып қашқанымен, Нұрай қашып құтылған. Осыдан кейін күдікті оны аңдып, қоқан-лоқы көрсетуді жалғастырған.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков резонанс тудырған студент Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін қызметінен босатылған болатын. Сондай-ақ қалалық ПД басшысының бірінші орынбасары атқаратын лауазымдарынан босатылып, бірқатар лауазымды тұлғалар ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылды.