Шымкентте мектеп директоры балаларды тамақтандыруға бөлінген қаражатты жымқырған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров Агенттіктің жедел тергеу қызметінің нәтижелері туралы өткен брифингте айтты.

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық сотының үкімімен № 34 атындағы орта мектептің директоры Ж. Қалтаева мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Ж. Калтаеваға қатысты үкімді жариялау кезінде сот залында жиырмадан астам орта мектеп директорлары қатысты, білім беру мекемелерінің қалған басшылары үкіммен бейнеконференция байланысы арқылы таныстырылды, - деді Бекайдаров.

Ол атағандай, директор мектептің балаларды тамақтандыруға және мұғалімдердің жалақысына бөлінген 2,1 млн теңге сомасындағы ақшаны, сондай-ақ алаяқтық және парақорлық фактілері бойынша жалпы сомасы 500 мың теңге жымқырды деген күдікке ілінді.

Бекайдаров осы сынды жағдай Көкшетауда да тіркелгенін айтты.

Көкшетау қаласының білім бөлімінің №4 орта мектебі бухгалтерінің міндетін атқарушы Каркенова 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді, коммерциялық және басқа ұйымдарда 5 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. Ол жалақыны негізсіз аудару арқылы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді, - деді ол.

Данияр Бекайдаров осы саладағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою мақсатында тұрақты негізде ұсыныстар жіберіліп тұратынын айтты.

Осы салада сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмауға бағытталған бірлескен жүйелі және кешенді шаралар қажет. Агенттік бұл бағытта жұмысты жалғастырып жатыр, - деді ол.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы