Шымкентте макулатура өңдейтін цех өртенді
Шымкентте макулатура өңдейтін жеке цех өртенді, деп хабарлайды BAQ.KZ қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, үш тонна макулатура орналасқан цехтың 200 шаршы метрін өрт шалған.
15 қаңтарда сағат 10-47-де «101» басқару пультіне Еңбекші ауданындағы Қапал батыр көшесінде орын алған өрт туралы ақпарат келіп түсті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жетіп, өрт «Оңтүстік» индустриялық аймағында макулатура қайта өндеу бойынша «Бумпром» ЖШС аумағында орын алғандығын анықтады. Алдын ала мәліметтер бойынша жалпы ауданы 60х20 шаршы метрді құрайтын жеке цех жанған. Ғимарат бір қабатты, автономды жылыту, ішінде 3 тонна макулатурасы бар, картон қалдықтары жанып жатыр. Өрттің ауданы 200 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ, - делінген ведомство таратқан хабарламада.
Тілсіз жау сағат 12.37-де оқшауланып, сағат 13.18-де сөндірілді.
Өртті сөндіруге Шымкент қаласы ТЖ департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамынан 52 адам мен 14 бірлік техника жұмылдырылды.