Шымкентте Маңғыстау театрының гастролі өтіп жатыр
Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының гастроль сапары өтіп жатыр. Бұл туралы Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте театр басшылығы мәлімдеді.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын аясында ұйымдастырылған сапар 25 сәуірге дейін жалғасады. Осы аралықта аталған театр Шымкент көрермендеріне 4 спектакль сахналайды.
Гастрольдің алғашқы күні Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» драмасын сахналады. Қоюшы режиссері – С. Потапов. Келесі күні Г. Гориннің «Атың өшсін» трагифарсын көрерменге ұсынды. Бүгін және ертеңге тағы екі спектакль жоспарланған. Бүгін Н. Сауданбекұлының «Әлиханның аманаты» реквиемі және ертең А. Цагарелидің «Ханума» музыкалық комедиясын сахналайды. Барлық қойылымдар Шымкент қалалық орыс драма театрында өтеді.
"Біз Шырайлы Шымкентке 5 жыл бұрын да келген едік. Сол кезде шымкенттіктер бізді ыстық ықыласымен қарсы алып, ерекше құрмет көрсеткенін ұмытпаймыз. Шымкент халқы өнерді жоғары бағалай біледі. Сондықтан да барымызды саламыз. Біздің бұл жолғы шығармашылық сапарымызда 4 бірдей қойылым бар. Яғни, ең үздік спектаклдерімізді алып келдік. Барлығы өзіндік ерекшеліктерге сай жаңаша бағытта болады. Сондықтан, қапы қалмаңыздар! Біздің бұл сапарымыз "Рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласы аясында жүзеге асып отыр", - дейді театр директорының орынбасары Тоқтамұрат Тілеуұлы.
Ол Шымкентке сапарынан бөлек театрдың алдағы елеулі жоспарлары туралы да айтып берді.
"Биыл қыркүйек айында заманымыздың заңғар жазушысы, кемеңгер қайраткері Ә. Кекілбаевтың 80 жылдығына орай үлкен фестиваль өтеді. Дәлірек айтсақ, ТҮРКСОЙ ұйымымен бірлесіп және ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен «Әбіш әлемі» атты l Халықаралық театр фестивалін ұйымдастырамыз. Соған қызу дайындық жүріп жатыр", - дейді Тоқтамұрат Тілеуұлы.
Айта кетсек, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры 2003 жылдың 21 наурызында сахна шымылдығын Ғ.Мүсіреповтың «Қыз Жібек» музыкалық драмасымен ашты. Маңғыстау театрының шығармашылық тарихы басталған сол күннен бері театр көрермендеріне әлем және қазақ әдебиеті қаламгерлерінің 80-ге жуық сахналық туындыларын ұсынды. Жас театрдың киелі сахнасында ұлттық кино және театр өнерінің жарық жұлдыздары Н.Жантөриннің, А. Әшімовтың, шығармашылық болмыстарын, қазақ театр өнерінің жетістіктерін насихаттау,еліміздегі және көршілес мемлекеттердегі әріптестерімен кәсіби байланыстарды нығайту мақсатында бірнеше республикалық және Каспий жағалауы елдерінің халықаралық театр фестивалдері табысты өтті.
Құрамында 200-ге жуық қызметкері бар шығармашылық ұжым осы жылдар ішінде үш Халықаралық және бір республикалық театр фестивалінің бас жүлдесін, бірнеше рет атаулы номинациялар атағына иеленді.
Театр әртістері отандық сериалдарға түсіп, ұлтымыздың көптеген мемлекет және өнер қайраткерлерінің ролдерін сәтті сомдап, республика көрермендеріне танымалдыққа ие болды.Олардың қатарында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының және «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының иегері М.Өміралиевты, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Г. Зиятованы айтуға болады. Театр құрылыс басталған сәттен ұжымды ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет орденінің иегері, Қазақстан театрлары Ассоциациясының «Үздік театр менеджері» номинациясының 2018 жылғы жеңімпазы Нұрнияз Мұханұлы Мұханов басқарады.
Театрдың көркемдік жетекшісі-бас режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері,тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының және театр өнерінің «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының иегері, көптеген республикалық және халықаралық театр байқауларының лауреаты Гүлсина Бақытжанқызы Мерғалиева да театр ашылғалы табан аудармастан қажырлы еңбек етіп келеді.