Шымкентте «Қайыршы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерімен ағымдағы жылдың 20 қазанынан бастап 20 қарашасы аралығында қала аумағында «Қайыршы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Іс-шараның мақсаты - Шымкент қаласы аумағында тұрақты мекенжайы жоқ, қанғыбас, қайыр сұрап жүрген адамдарды анықтап, арнайы қабылдап-тарату орнына орналастыру, іздеуде жүрген, сондай-ақ есепте тұрған адамдардың тұрмыс-тіршілігін анықтау және тексеру, көші-қон заңнамасын бұзу жайттарын анықтау, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
«Қайыршы» іс-шарасы барысында осы күнге дейін қайыршылық жасап жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабымен 335 әкімшілік хаттама толтырылды.
Тұрғылықты мекенжайы жоқ және жеке басы анықталмаған 74 адам қабылдап-тарату орнына жеткізілген.
Сондай-ақ, іс-шара барысында, ішкі істер органы есебінде тұрған 2590 тұлға, оның ішінде пробациялық бақылауда тұрған 455 тұлға тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілді.
Бұдан бөлек, саяжай алқаптарына аралаулар жүргізілді, сондай-ақ әкімшілік аумақта орналасқан 568 нысандар тексерілді. Құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында 3550 қару иесі тексерілді.
Бұл бағыттағы профилактикалық іс-шаралар өз жалғасын табады.